Түркістанда жүгіруден халықаралық деңгейдегі марафон өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жүгіруден халықаралық деңгейдегі марафон өтеді

02.06.2022

Түркістан тек түркі халықтарының рухани астанасы емес, халықаралық деңгейде жүгіруден марафон өткізілетін орталыққа айналады.

"Туристерді көне шаһарға тартудың бір жолы - осы" дейді өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы. Мәселен, 9 қазан күні халықаралық деңгейде тағы бір марафон өткізілмек. Бұл шараға дайындық жұмыстары басталып кеткен. Түркі тілдес мемлекеттерінің спортшылары оған қызығушылық танытып, қатысуға өтінім беруде.

Жалпы спорттық сайысқа 5 мыңнан аса желаяқтар қатысады деп күтілуде. Бұқаралық спортты дамыту мен Түркістанның туристік әлеуетінің артуына да зор ықпал ететін әлемдік деңгейдегі жарыс осымен екінші рет ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін ел Тәуелсіздігінің 30 жыл толуы мен «Түркістан – түркі елдерінің рухани астанасы» аталуына орай халықаралық марафон өткен болатын. Оған әлемнің 19 елінен үш мыңға жуық спортшы қатысқан еді.

Жазира Мүслімова, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Түркістанның брендіне айналған «Түркістан марафонына» дайындық жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда оған танымал спортшылар, жалпы спорт сүйер қауым қазірден қатысамыз деп тілек білдіруде. Тек республика, облыс емес, әлемнен спортшылар қатысуға ниет білдіріп отыр. Біз облыс әкімдігімен, ұйымдастырушылармен бірлесе отырып, одан да жоғары дәрежеде ұйымдастырамыз деген үміттеміз.

Ғани Темірәліұлы, «Түркістан марафон» дирекциясының директоры:

Дайындық өте қызу басталып кетті. Биылғы марафонды басқаша форматта жасау жоспарлануда. Арнайы театрландырылған көріністер мен Түркістанның тарихи жерлерін, соның ішінде Қожа Ахмет Яссауиден бастау алып, Керуен сарайы нысанына дейін барлық тарихи ескерткіштерді әлемге паш ету – басты мақсатымыз.  


Хабарламаларға жазылу