Еліміздегі қоқыс өңдейтін кәсіпорындар ескі пластик бөтелкелерді басқа елге шығаруға тыйым салуды сұрайды. Себебі шикізат өзімізге жетпей жатыр. Соның салдарынан зауыттар толық қуаттында жұмыс істей алмай тұр. Қалдық құтыларды жинау жұмысы да дұрыс жолға қойылмаған.
Бұл зауытта қолданыста болған пластик бөтелкелер қайта өңделеді. Құтылар түйіршектерге дейін ұсақталып, кейін одан басқа өнім жасалады. Мысалы, бұл жерде тоқыма өндірісіне қажет текстиль талшықтарын шығару көзделген. Түркістан облысында 3 жыл бұрын ашылған кәсіпорында 100 адам жұмыс істейді. Алайда, кейде олар бос отырып қалады.
Толқын Батыров, зауыттың инженер-технологы:
Тоқтап-тоқтап қалып жатырмыз. Бізге шікізат жетпей жатыр. ПЭТ бөтелкелерді негізінен Ресей, Өзбекстан әкетіп жатыр. Соны енді, мүмкіндік болса, мемлекет бізге жәрдем беріп, ПЭТ бөтелке сыртқа шықпаса. Өзіміз жұмыс істесек.
Қазақстанда осындай 14 зауыт бар. Барлығы қосылып бір жылда 60 мың тонна қолданыста болған құтыларды қайта өңдей алады. Бірақ қазір олар 25-30 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр. Шикізат тапшылығын жою үшін пластмасса қалдықтарын жинау жұмысын жандандыру керек.
Батырбек Әубәкіров, Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының төрағасы:
Егер Қазақстанда либерилизация болса, бізде әр сауда үйінде, әр базар мен үйдің қасында фандомат қойылса, екі мақсатқа жетеміз. Бірінші ол экология, екіншіден, біздің зауыттар шикізатпен қамтылып, толық қуатында жұмыс істейді.
Қалдық құтылардан алынатын өнім тоқыма өндірісінде көп қолданылады. Мысалы, 48 ескі пластик бөтелкеден бір жемпір шығады. Қаламсап және сағат өндірісіне де керек өнім. Сондай-ақ, диван матасын, ұйықтауға арналған қап, қысқы күртенің жылу сақтайтын материалын және автокөлік қабын жасауға болады.
Ал елімізде осы шикізат экспорты жыл сайын көбейіп келеді. Өйткені оған барлық елде сұраныс жоғары. Сондықтан, қазір сыртқа сатуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылданып жатыр.
Мұхамед Андаков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi индустриялық даму комитетінің басқарма басшысы:
Ескі пластик бөтелкелерді, ПЭТ қалдықтар дейміз, Қазақстан аумағынан сыртқа шығаруға 6 айға біз тоқтатып тұрмыз. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ нооһрмаларына сәйкес бұл шешімді біз қабылдай аламыз. ПЭТ қалдықтарға осыған дейін мұндай болмады. Бірінші рет. Бұйырса, қазір бұйрық Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп жатыр.
Сыртқа шығаруға шектеу қою туралы шешім отандық зауыттарды шикізатпен қамтуға қаншалықты көмектескені зерттеледі. ПЭТ қалдықтар экспортын жарты жылдан да көп уақытқа тоқтату мәселесі содан кейін қаралады. Қазақстанда жылына 100 мың тоннаға жуық пластик және полиэтилен қалдығы жиналады. Бірақ, олардың 4-5 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғанымен не болатыны белгісіз.
Берік Көшербай