Су энергетика саласындағы Қырғызстанмен ортақ жобаның маңызы зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су энергетика саласындағы Қырғызстанмен ортақ жобаның маңызы зор

29.05.2022

Су энергетика саласындағы Қырғызстанмен ортақ жобаның маңызы зор. Жылдан-жылға әлем бойынша энергия тапшылығы ең басты тақырыптардың біріне айналып барады. Қазақстанда 2035 жылға қарай энергия тапшылығы 30 пайызға артады деген болжам бар. Сондықтан президент атом электростанциясы жобасын жүзеге асырмасақ, еліміз экономикалық тұрғыда зардап шегіп, бізге келетін инвестиция кемиді деген еді. Осы аптада мәселе тағы көтеріліп, АЭС салынуы мүмкін аймақтар аталды. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов былай деді: «Станцияның құрылысына қатысты біз өзіміз үшін оның қуаты шамамен 2,4 ГВт болады дегенді нақты анықтап алдық. Қуаттылығы қандай болатынын түсінген соң, оның қайда салынатына қатысты жоспарды жалпы анықтап қойдық. АЭС бәлкім Балқаш маңына, бәлкім Курчатов маңына салынады. Негізінен Балқаш қаласы болуы мүмкін».

Бірақ, жобаны қай елдің компаниясы жүзеге асыратыны әзірге белгісіз. Қазір алты компаниядан станцияны салуға өтініш түскен. Ресейден бөлек, АҚШ, Қытай, Франция, Корея компаниялары ниет танытқан. Құрылысқа қажетті қаржы көлемі есептеліп жатыр. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин шамамен 12 млрд АҚШ доллары жұмсалатынын айтты. Бұл АЭС-тің 2 блогын салуға жетеді. Ол шамамен 1000-1200 МегаВатт энергия беруі керек. Бірақ, бұл да аз, себебі елде энергияға сұраныс жыл санап артып келеді, тіпті қазірдің өзінде энергия жетпей қалады,-дейді энергетиктер.

Марат Дұлқайыров, ҚР Инженер-энергетиктер одағының директоры:

Соңғы 15-20 жылда біз энергия өндіретін бірде бір генерация салмадық. Біздегі энергия көздерінің 70 пайызы бұрынғы көмір станциялары. Одан бас тартатын кез келді. Біріншіден, экологияға зиян. Екінші, трансшекаралық салық. Екі жылдан кейін біз Қазақстаннан сыртқа тасымалдайтын өнімдер үшін салық төлейтін боламыз. Ал, жаңартылатын энергия көздері күз бен қыста тиімсіз. Сондықтан, атом электр станциясын салу маңызды. Иә, АЭС салу қымбат. Себебі, ақшаның 60 пайыздан астамы қауіпсіздік құрылғыларына жұмсалады. Мысалы, бізге 3-классатағы реакторлар салынады. Сондықтан, қорықпау қажет. Көпшілік, Чернобыльді ұмытқан жоқ, бірақ, ол жерде 2-класстағы қауіпсіздік деңгейі болған.

Хабарламаларға жазылу