Оралдағы сауда дүкендерінде жұрт арзан қантқа таласып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы сауда дүкендерінде жұрт арзан қантқа таласып жатыр

28.05.2022

Оралда қаласында бұған дейін қант тапшы екенін айтқан болатынбыз. Жағдай түзелмеді. Жұрт сауда орындарында ұзын-сонар кезекке тұрып, арзан шекерге таласып жатыр.

Келісі 370 теңгенің арзан қанты тек таңғы уақытта бір қолға екі келіден сатылып жатыр. Облыс бір жарым ай бұрын «Азық-түлік келісімшарты корпорациясы» арқылы 323 теңгеден 68 тонна құмшекер алған. Жергілікті 4 кәсіпкер оған 15 пайыз үстемақы қосып, 370 теңгеден өткізіп жатыр. Базарда қант жоқ, ал ұсақ дүкен сөрелерінде тәтті өнім 600-700 теңгеден тұр.

Кәсіпкерлік басқармасы жексенбіге дейін Жамбыл облысынан 3 вагон қант келетінін айтты. Бірақ тек қымбат бағамен. Өйткені зауыттың өзінде қазіргі баға - 450 теңге.

Облыс бұған дейін қантты Ресейден алып келді. Көрші елде тамызға дейін тауарды экспорттауға тыйым салынғандықтан, аймақта осындай дүрбелең туып отыр.

Дмитрий Соснин, сауда орны директоры:

Қант қоры өте аз қалғандықтан, күн сайын тек таңертең сатып жатырмыз. Гипермаркеттен күніне 250 келі шекер өтеді. Қалған 20 шақты супермаркетте шекті көлем әр түрлі. Қор тек бірнеше күнге қалды. Қанттың келесі легі келгенде, баға қандай боларын айта алмаймыз.

Ардақ Мұратқызы, Қайырбек Ерболатұлы

Хабарламаларға жазылу