Ата заңға енгізілетін түзетулер, ең алдымен, адам құқығын қорғауды көздейді. Конституциялық сот құру, өлім жазасының күшін жою және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру шаралары - осының дәлелі. Алматыда қоғамдық ұйым көшбасшылары және жас сарапшылармен кездескен Сенат төрағасы осылай деді. Мәулен Әшімбаев жастар арасында референдум туралы түсіндірме жұмыстарын кеңейту керегін айтты. Жиынға қатысушылар Жаңа Қазақстан құру жолында өзіндік креативті жобаларын ұсынды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Бұл реформалардың аяғы емес, басы. Иә дегеннің өзі, иә деп жауап берсеңіз - бұл реформалар әрі қарай жалғасуы керек деген сөзді білдіреді. Президентіміздің де айтып отырғаны осы. Мысалы, әрі қарай партияларға байланысты көп нәрсе жасау керек. Насихаттарға байланысты көп нәрсе жасау керек. Мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жаңғыртуымыз керек. Азаматтық қоғамды дамыту керек. Конституцияға 56 өзгеріс тек қана фундамент деп айтып жатырмыз ғой.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. «Жаңа Қазақстанның» бағдары, елімізде жүріп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар, референдумға дайындық талқыланды. Жиын барысында айтыс өнерін бюджеттен қаржыландыру, тіл мәселесі, ұлттық дәстүрді дамыту жайы да сөз болды. Мәулен Әшімбаев бұл ұсыныс-пікірлердің Сенат қабырғасында қаралатынын жеткізді.
Фариза Мұсақызы