Түркістан облысында 12 мың гектар алқап игерусіз қалмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 12 мың гектар алқап игерусіз қалмақ

27.05.2022

Түркістан облысы Отырар ауданындағы бес бірдей ауыл округінің шаруалары жеріне егін еге алмай, ал егіп қойғандары өнімді жинай алмай дағдарып отыр. Өйткені каналды тазартқан мердігер компания егіс басына баратын жолдар мен өткелдері бұзып, айналаға топырақ үйіп кеткен. Салдарынан 12 мың гектар алқап биыл тіптен игерусіз қалатын түрі бар.

Егіс алқаптарының төңірегінде каналдың табанынан алынған қамыстың тамырлары мен топырақ жал-жал болып үйіліп жатыр. Одан техника тұрмақ адамның өзі әрең өтеді. Ал өткелдердің кейбірін су шайып кеткен.

Марат Омаров егістігіне техника апармақ тұрмақ, өзі де аяқ баса алмай қалды. Барайын десе өткел жоқ. Ерте көктемде жыртып, қопсытып қойған 2 гектар жер сол күйі қалды.

Марат Омаров, шаруа:

Әлі дән тастаған жоқпыз. Жұрттардың жүгерісі көтерілді. Көбісі қарғадан құтқарып қойды. Қолмен игере алмаймыз. Қашанғы жер шұқылап екксек 10 соток жер егерміз. Шауып та ала алмаймыз ғой қолмен.

Ал Нұрмахан Әлиев болса әлдеқашан пісіп жетілген жоңышқасын ора алмай жүр. Егіс басына өзі айналма соқпақтармен әрең келіп кетеді. 1 гектардан астам жоңышқалықты шалғымен орғанымен, оны қолымен тасып алу мүмкін емес.

Нұрмахан Әлиев, шаруа:

Енді он күннен кейін келсе түкке жарамайды, асты күйіп шіриді. Техникаға орғандада еңбегіңе арзымай қалады. Майы бар, жұмысы бар. ақтамайды.

Ыза су түсетін каналдың табанын тазарту ісі былтыр басталған. Ұзындығы 400 шақырымға жуық. Алайда тапсырыс берушімен келісе алмаған мердігер компания, бар дүниені бүлдіріп, бір күнде жым-жылас болған. 4 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған жұмыс сол күйі аяқсыз қалды. Мердігерге айтқанын істете алмаған «Қазсушар» мекемесі енді 33 миллион теңге бөліп, істі соңына өзі жеткізбек.

Хамитбек Елкей, «Қазсушар» РМК Отырар өндірістік бөлімшесінің басшысы:

Сол мердігер істей ме, жоқ әлде келісімді бұза ма оны жоғары жақ шешеді. Оған дейін қарап жататын уақыт жоқ. Көтерілген мәселе бойынша өз күшімізбен істейміз деп жатырмыз. Бізге рұқсат берсе Түркістан филиалында техника жетеді.

Тағы бір қиындық каналдың тазартылмауынан егістіктен шыққан ыза суы қайтадан алқаптарға тарап, егіннің тамырын күйдіре бастады. Бұл көгеріп өнген өнімнің өзін қуратып барады. Ал «Қазақсушар» мекемесі болса бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіруге қаржының қашан бөлініп, жұмыстың қай кезде басталатынын әлі күнге дөп басып айта алмай отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу