Қазақ пен қырғыз басшылары келіссөздері барысында қандай маңызды келісімдер жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ пен қырғыз басшылары келіссөздері барысында қандай маңызды келісімдер жасалды

26.05.2022

Қазақстан мен Қырғызстан таяу жылдары сауда-саттықты екі есеге көбейтпек. Бұл туралы көрші елге ресми сапармен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Жоғары деңгейдегі кездесулер кезінде бауырлас елдер биыл бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға уағдаласты.

Жалпы мемлекет басшысының туыс әрі көрші елген сапары аясында 10 шақты құжатқа қол қойылды. Қазақ пен қырғыз басшыларының келіссөздері барысында тағы қандай маңызды келісімдер жасалды.

Тіліміз бен дініміз, тіпті түріміз де бір. Қазақ пен қырғыз  – біртуған елдер. Бауырлас халықпен әрдайым тығыз байланыс орнаған. 30 жылда мемлекеттер арасында ынтымақтастыққа негізделген 180 құжатқа қол қойылған. Ресми Бішкек ең ірі сауда серіктесінің бірі болып есептелетін мемлекеттің басшысын қарсы алуға жоғары деңгейде дайындалғаны бірден байқалады.

Бүгін таңертең еліміздің нөмірі бірінші борты Манас халықаралық әуежайына қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты баспалдақтан Қырғызстанның үкімет басшысы Ақылбек Жапаров күтіп алды. Қызыл кілем, ұлттық киім және бауырсақ. Ең бастысы – достық пен бауырластық пейіл.

Қырғызстан президентінің Ала-Арча резиденциясы. Табиғаты көркем жерде орналасқан. Бұл жерде қазақ басшысын күтіп алу үшін әзірлік жұмыстары соңғы сәтке дейін қызу жүріп жатыр. Бірер сәттен соң дәл осы жерде Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алады.  Сап түзеген құрмет қарауылы, екі елдің әнұраны. Бәрі де сән-салтанатымен.

Қазақстан мен Қырғызстан бүгінде стратегиялық серіктестер. Тәуелсіз елдердің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл 30 жыл. Президент сапарының осы мерейлі датаға сәйкес келуінің де символдық мәні бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады.

Шағын құрамдағы кездесу кеңейтілген форматта жалғасты. Былтыр елордада Жұбан Молдағалиевтің «Мен Қазақпын» поэмасынан үзінді оқыған Садыр Жапаров бұл жолы Мұхтар Шахановтан цитата келтірді.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов та ошундайша айтқан. Қазақтың журегин тыңдащаң қырғыз деп соғады.Қырғыздың журогин тыңдасаң қазақ деп соғады. Бу дуниода қазаққа қырғыздан, қырғызға қазақтан жақын ел жоқ. Еки ел ботоның еки козиндей ел деген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы сапарының маңызы ерек. Себебі көрші елге 5-маусымдағы референдумның қарсаңында барып отыр. Мемлекет басшысы қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформамен демократияландыру үрдісі аяқталмайтынын, алдымызда ұзақ жол бар екенін еске салды. Президенттің сөзінше жаңа реформалар жалғаса береді және бүкіл қоғамымыздың жүйесі жаңартылады. Небәрі 10 күннен кейін Қазақстан халқы өзінің таңдауын жасайды. Жаңарған ата заң әділетті Қазақстанның негізі болмақ. Ал қазір әлемдегі ахуал күрделеніп тұр. Алып елдер бір-бірімен белдесіп жатқан сәтте бауырлас елдерге бірігу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық түйіткілдер жөніндегі ұстанымымыз ортақ екенін атап өттік. Әсіресе Орталық Азиядағы ықпалдастық мәселесін тереңдетуге баса назар аудардық. Осы орайда көп ұзамай аймақ басшыларының консультативтік кездесуін өткізуге уағдаластық.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Биз ең жақын қонушу, біртуған елдерденбиз. Жана биз мамилелеримизді будан ары бекемдеп, кеңейтуге даярбыз.

Былтыр екі ел 1 миллиард долларға сауда жасады. Президенттер енді алыс-берісті жақын уақытта екі есеге көбейтуге уағдаласып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы өзара сауда-саттықты қысқа мерзімде көбейтуге мол мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды Қырғызстанға экспорттауға дайынбыз. Бұған ҚазЭкспорт компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық.

Алыс-берістің көбеюіне шекарада бой көтеретін жаңа сауда-логистикалық индустриялық орталық серпін беруі керек. Бүгін салтанатты түрде жаңа кешеннің іргетасы қаланды.

Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Премьер-минстрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі:

Азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту мәселесі ең жоғары деңгейде талқыға түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізу керектігін айтты. Бекеттерді жаңғырту жұмыстары да жалғаса береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою.

Тараптар бірқатар жобаларды бірлесе атқаруға уағдаласты. Мәселен Ыстық көл облысында қазақ капиталының қатысуымен құны 300 миллион доллар болатын күн электр стансасы салынбақ. Қамбар Ата гидро электр стансасын бірлесіп соғу жұмысы да қарастырылып жатыр. Сарапшылар бұл жоба қолға алынса Орталық Азиядағы су мәселесін шешуге зор септігін тигізеді деп отыр.

Эльдар Абакиров, экономист:
Қырғызстан өзінің свет мәселесін шеше алса онда Қазақстанға уағынд су толтырып, беруге мүмкіншілік болады. Аны учун Қырғызстанға Қамбар Ата1 ГЭСін салуш керек. Айткені Қырғызстанда Тоқтоғул 20 млрд суды топтойд. Бул Қырғызстанға, Қазақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға баарына да жетед.

Иә, Орталық Азия үшін су мәселесі ортақ болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды бағыт деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек.

Қырғыз тарапы Қазақстанның көптеген салалардағы жемісті жобаларын өздерінде жүзеге асырмақ ниетте. Мәселен Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына зор қызығушылық білдіріп отыр. Іскерлік топ Бішкекте де дәл осындай жүйе құрылса инвестицияны көптеп тартуға көмектесер еді дейді.

Асқар Сыдықов, Халықаралық іскерлік кеңестің атқарушы директоры:
МФЦА жақшы екен. Себеби коп инветор астанага кайырылганда регионды да камтып жашайды екен. Бир ели Қазақстанмен ғана істеспей Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен істесіп жатады екен. Ошондықтан МФЦА-ның ұқшош түри осында болса онда көбірек инвесторлар келеді.

Қазақ пен қырғыздың тұрмыс салты мен дәстүрі де бір. Бүгінде берік мәдени байланыс орнаған. Қос елдің ақындарының қатысуымен халықаралық сөз сайыстары жиі өтіп тұрады. Ал ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармалары мектептер мен университеттерде оқытылып жатыр.

Азамат Жаманкулов, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар министрі:
Былтыр Абай жылына қарашты биз коптеген иш шараларды откердук. Қырғыз тилинде бирқатар китаптарып чиқты, шығармалары чиқты. Азыр минекей университеттерде, мектептерде Абайды оқыту бойынча системалы болмаса да оқулары отуп, конференциялар ұйымдастырылып, қазір Абайды қырғыз оқып жатқан мезгил.

Жалпы президенттің сапары аясында тараптар 10 бірдей құжатқа қол қойды. Ол ауыл шаруашылығы, білім, энерегетика және бизнес салаларын қамтиды. Бұдан бөлек биыл өңіраралық форум өткізу шешімі қабылданды.

Қазақ пен қырғыз ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған қоңсылас, бауырлас ел. Қазақстан көршілес жатқан туы елдің тұрақты әрі қалыпты дамығанын қалайды. Бұны тек сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп отыр. Соңғы 15 жылда біздің ел қырғыз экономикасына 1 млрд доллар инвестиция құйып, ең ірі 3 сауда серіктесінің қатарына кіріп отыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу