Бүгін елордада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты басты сот отырысы басталды. Экс министр процес алдында журналистерге шығып, сұрақтарға жауап берді.
Денсаулығым жақсы. Көңіл күйім дұрыс. Қасымда жоғары тәжірибелі адвокаттарым бар. Отырысқа жоғары дәрежеде дайындық өткіздік. Сот бүгін басталды. Әрине сотқа сенеміз.
Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты іс 2 жылдан бері тергеліп жатыр. Бұған дейін санкциялық сот отырыстары өтіп, күдіктілердің үйқамақта отыру мерзімі ұзартылып келген еді. Енді басты отырыста айыпты ма жоқ па деген сұраққа нақты жауап берілуі тиіс. Бүгін олардың адвокаттары бірнеше өтініш білдірді. Біріншіден сот отырысына зардап шегуші тараптың өкілі, министрліктегі жеке қауіпсіздік департаментінің директоры Асқар Ақбаевты куәгер ретінде шақыруды сұрады. Министрлік маманы, ақпараттандыру платформасы туралы маңызды құжатқа қол қойған адамдардың бірі. Экс-шенеуніктер дәл осы платформаға қатысты ақшаны қолды етті деп күдікке ілінген еді. Сондай-ақ қорғаушылар прокурорлар да қызметін асыра пайдаланды деп қарсылық білдірді. Алайда адвокаттардың бұл өтінішін сот қабылдаған жоқ.
Ибрагим Әлкенов, Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы:
Зардап шегуші тараптың өкілі Асқар Ақбаевтан куәгер ретінде жауап алғызу және прокурорға берген қарсы өтініштен бас тарту туралы қаулы қабылданды.Қаулымен келіспеу туралы уәждерді аппеляциялық шағымдар мен прокурордың өтінішіне енгізуге болады. Сотталушылардың кінәлі немесе кінәсіздігі туралы дәлелелдемелерді бас сот отырысында зерттеп, бағалаймыз.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынған еді. Экс министр мен оның орынбасары мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген күдікке ілінді.
Раушан Сайлауқызы