ШҚО-дағы мектеп-лицейдің шәкірттері оқу жылын әбден тозығы жеткен ғимаратта аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы мектеп-лицейдің шәкірттері оқу жылын әбден тозығы жеткен ғимаратта аяқтады

25.05.2022

Шығыстағы Ақжар ауылында да соңғы қоңырау соғылды. Өңірдегі үздік мектеп-лицейдің бірі саналатын білім ошағының шәкірттері оқу жылын әбден тозығы жеткен ғимаратта аяқтады. Салынғанына 40 жылдай болған нысан содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Лайықты жағдай жасалмаса да, оқушылардың білім көрсеткіштері өте жоғары.

Осыған дейін ауылдағы балабақша ғимаратында орналасқан мектеп-лицейін, талапқа сай келмейді деп үш жыл бұрын көшіріпті. Бірақ, ұстаздар мен оқушыларға қысқа уақытта жағдай реттеледі деген білім басқармасының уәдесі ұмыт қалған.

Бейбітгүл Иляшева, оқу ісінің меңгерушісі:
Барлық жағдайды жасалады-деп бізді осы ғимаратқа қоныстандырды. Содан бері үшінші жылға аяқ басып бара жатыр. Әлі ешқандай күрделі жөндеудің көзі көрінбей тұр.

1983 жылы салынған мектептің материалдық техникалық базасы да көнерген. Акт залындағы жағдай осы. Сыныптардағы парта мен орындықтардың сыйқы да сын көтермейді. Ескі тақта, сынған еден мен көгерген қабырғаға да көзіміз үйренген -дейді ұстаздар.

Тоғжан Жұмабекова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
Жаңа бағдарлама бойынша материалдық жағдай мүлдем қарастырылмаған. Ағылшын тілі сабағында, күнделікті сабақта біз видео қаралуы керек. Тыңдалым болуы керек. Интерактивный тақта жоқ. Слайд көрсететін проектр жоқ. Компьютер де жоқ. Түкте жоқ. Құр тақта мен бор ғана.
Әлия Есболова, ата-ана:
Қазіргі кезде балаларымыз өте жақсы. Мектепте оқыса, жақсы кабинеттерде білім алса дегіміз келеді. Мектептің білім дәрежесі жоғары болғандықтан, балаларымыз сондай дәрежедегі мектепте оқыса-деп ойлаймыз.

Аудандық білім бөлімінің басшысы ғимаратты жөндеу үшін жобалық сметалық құжат дайын-деп сендірді. Алайда, қаржы бөлу құзыретімізге жатпайтындықтан, облыстағы шенеуніктердің шешімін күтіп отырмыз-дейді.

Самал Дәуітбаева, Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы:
Сметалық жоба жасалған болатын 119 миллионға . Ол мемлекеттік сараптамадан өткен. Облыстық білім басқармасына, облыстық бюджетке өтінім берілген. Қазіргі күні сол қаражатты күтіп отырмыз. Тек қаражаттың шешілуіне байланысты бұл.

Құр тақта мен борды ғана қолданып оқытып жүрсе де мектеп-лицей облыстағы өзге білім ошақтарынан оқ бойы озық тұр. Биыл 42 түлек түлеп ұшты. Оның 18- і «Алтын белгіге» үміткер болса, қалғаны үздіктер.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу