Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады

25.05.2022

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елге ресми сапармен барады деп күтілуде. Бішкектегі кездесулер барысында қос елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мемлекет басшысының ертеңгі сапарына әлемдік әрі аймақтық БАҚ құралдары мұқият назар аударып отыр. Себебі жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қос ел арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселесі қарастырылмақ. Еске сала кетсем 2019 жылдың күзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапарымен келген еді. Бұл жолы да ресми Бішкек жоғары мәртебелі мейманды қарсы алуға қызу әзірленіп жатыр. Бір туған екі бауырлас елдің қарым-қатынасы берік, экономикалық байланыс та тұрақты түрде дамып келеді. Мәселен 2020 жылы елдер арасындағы сауда-саттық 850 миллион доллар болса, былтыр 1 миллиардқа жуықтаған. Қазақстан 625 миллионға тауар сатып, Қырғызстаннан 345 миллион доллардың заты импортталған. Биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 3 пайызға өсіп отыр. Дегенмен сарапшылар түбі бір екі халық бұл нәтижеге тоқмейілсуіне болмайды дейді. Жүйелі жұмыс жүргізілсе сауда-саттықты таяу уақытта екі есеге көбейтуге мүмкіндік мол. Ертеңгі президенттердің кездесуі кезінде де ең әуелі экономикалық ынтымақтастық мәселесі талқыға түсетіні сөзсіз. Қырғызстанның іскерлік тобы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп зор сенім артып отыр. Олар ең әуелі кеден бекеттеріндегі кейбір мәселелердің түйіні тарқайды деген үмітте.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Президенттер бірлескен мәлімдеме жасайды деп күтіліп отыр. Онда өте маңызды жайттар айтылатыны сөзсіз. Бұдан бөлек 14 құжатқа қол қойылады деп жоспарланған. Олар ауыл шаруашылығы, білім, сауда-саттықа байланысты. Сонымен қатар екі елдің облыстары арасында байланысты нығайтуға арналған келісімдерге қол қойылады. Тараптар бірлесіп электр станциясын соғу жөнінде уағдаласуы мүмкін. Сонымен қатар президенттердің қатысуымен екі елдің шекарасында Қорғас секілді үлкен логистикалық орталықтың құрылысы бастау алады. Айтпақшы туыс елдің құрметін айғақтайтын тағы бір маңызды жаңалық. Бішкек қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына еңселі ескерткіш қойылады. Ертең оны президент салтанатты түрде ашады. Сіздер көріп отырған бұл кадрлар сол шараға дайындық барысынан, бүгін таңертең түсірілген эксклюзивті кадрлар. Бұл ұлы хәкімнің шет елдерде бой көтерген ең үлкен ескерткішінің бірі болмақ. 


Хабарламаларға жазылу