Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеп бітірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

25.05.2022

Екі жылдық үзілістен кейін мектептерде бүгін соңғы қоңырау соғылды. Биыл елімізде 170 мыңнан астам түлек алтын ұясымен қоштасады. Оның 8 мыңнан астамы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Әрбір бесінші бала өмірге келетін Түркістан облысында биыл 27 мыңнан астам оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Олардың басым көпшілігі ауыл балалары. Білім ұяларында сән-салтанатымен аталып өткен соңғы қоңырауға өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева да қатысты.

Айнұр Ақбаева, тілші:
Бүгін Сайрам ауданына қарасты Қасымбек Датқа ауылындағы мектепте өткен «Соңғы қоңырауға» қатыстық. Биыл бұл білім ұясын 53 түлек бітіріп жатыр. Олардың арасында «Алтын белгіні» ешкім алмаса да, бір түлек Қызыл куәлік алудан үмітті. Әрқайсысының жанарында жас, көңілдерінде қимастық сезім бар. Көңілдері алып-ұшып, толқыныс үстінде тұрған олар енді мектеп қабырғасында алған білімдерін ары қарай шыңдап, жаңа өмірге қадам басады. Түлектер болса, жылдар бойы алған білімімізбен ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке жетіп, жоғары оқу орнына түсу мақсатымыз дейді. Ал ұстаздары мен ата аналары бүгін оларға сәт сапар тіледі.
Балнұр Керімбек, түлек:
Өз сыныптастарымды қимаймын. Барлығымыз жан-жаққа кетеміз. Әр сыныптасымның алға қойған өз арманы, мақсаты бар. Сыныптастарыма алдағы уақытта тек қана сәттілік тілеймін. 
Айнұр Ақбаева, тілші:
Жалпы өңірде биыл мектеп бітіруші түлектердің 1 250-і «Алтын белгіге», екі мыңға жуығы үздік аттестатқа үміткер. Ал 43 мыңға жуық оқушы 9-шы сыныпты бітіреді. Оның шамамен 75 пайызы 10-шы сыныпта оқуларын жалғастырса, қалғандары колледждерге оқуға барады деп күтілуде. 

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу