Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының шаруалары егінге қажет тұқымды сырттан сатып алмай өздері дайындап отыр. Нәтижесінде, өңірде дәнді-дақылдар өзге өңірлермен салыстырғанда арзан. Оған қоса ұн жергілікті диірменде тартылғандықтан, бағасы да арзан. Бидайға жыл санап сұраныс артқандықтан өңір диқандары егін алқабының ауқымын да ұлғайтты.
Денис Левченко жас болса да бас болып, шаруасын дөңгелетіп отырған тәжірибелі диқан. Биыл 3 мың гектарға бидай мен күнбағыс екті. Жұмыс әлі қызу жүріп жатыр.
Денис Левченко, шаруа қожалығының жетекшісі:
Бастаған кезде ескі техника болған. Енді кішкене-кішкене жаңа техника алып, технологиямен кішкене бастап жатырмыз. Тұқымды біз сатып алмаймыз. Өзіміз дайындап алып жатырмыз.
Үржарлық шаруалар шығынға батпас үшін соңғы жылдары тұқымды өз күшімен дайындау технологиясын меңгерген. Дихандарға 700 тоннадан астам дәнді-дақылдардың бірнеше репродукциясын жергілікті шаруашылық өндіріп береді. Соның арқасында, егістік науқаны нәтижелі болған.
Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы: 111 мың 326 гектарға ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. 88 мың гекатар жер игерілді. Дәнді-дақылдар егілді. Майлы дақылдар, картоп, көкөніс деген сияқты.
Ауданда ұн бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда арзан. Өйткені бидай сыртқа сатылмай, осы жердегі диірменде тартылады.
Болат Мұқажанов, кәсіпкер:
Үржар районының бидайлары келеді. Соны қабылдап, өндіреміз. Біз енді қазір 180 нен килограмын беріп жатырмыз. Қаладан келген ұндар 200 ден болып жатыр.
Өңірдегі 190 мың гектар егіс алқабы биыл тағы 2 мың гектарға ұлғайды. Өйткені күзде дәнді-дақылға баға тағы өседі деген болжам бар. Диқандар бәсекеге төтеп беру үшін техникаларын жаңалауды да қолға алған. Соңғы екі жылда үржарлық шаруалар 4 миллиард 300 миллион теңгенің ауыл шарушылық техникасын жаңадан сатып алған.
Ержан Жақып