Қазақстан мен Норвегияның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Норвегияның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды

24.05.2022

Осыған орай еліміздің Норвегиядағы елшілігі Ослода қазақ мәдениеті күнін ұйымдастырды. «Раушангүл сарайы» сахнасында «норвег-қазақ» мәдени орталығының мүшелері ән-күйден шашу шашты. Шетелдік меймандарға қазақтың «Тұсаукесер» рәсімі көрсетілді.

Норвегияда 300-ге жуық қазақ диаспорасының өкілі бар. Мәдени шараға атсалысу үшін бірі Ослодан 200, енді бірі 2 мың шақырымдық жерден домбырасын асынып, асығып жеткен. Норвег қызы Анетта да қуанышқа ортақтасып, қос елдің достығының құрметіне Абайдың әнін қазақ-норвег тілдерінде құйқылжыта орындады.

Домбыраның күмбірлеген үні, ұлттық ән-жыр Норвегияда 50-жылдан бері тұратын қазақтардың елге деген сағынышын арттырды. Ерекше әуен шетелдіктерді тәнті етті.

Кәкайша Шақарбай, Норвегиядағы қазақ диаспорасының мүшесі:
Жүрегіміздің бір жағы сол жақта. Қазақстанды ылғи ойлап тұрамыз.
Даг Малмер Халворсен, 2009-2012 жж Норвегияның Қазақстандағы елшісі:
Қазақстанда елші болғанда алдымен Абайдың мұражайына барып едім. Бүгін Абайдың әнін естіп, қуандым. Елдеріңіздегі оң өзгерістерді көріп отырмыз. Тың реформалардың сәтті жүзеге асуына тілектеспін.

Мерекелік кеште шетелдіктерге қазақтың салт-дәстүрі көрсетілді. Осло опера және балет театрының үздік әртісі, жерлесіміз Ерік Мұрзағалиевтің қызы Арияның тұсауын Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, шаңғышы Владимир Смирнов кесті. Норвегтерге «Смирре» деген атпен танымал Смирновқа інісі Ерік шапан кигізгенде, жұрт қазақтың тағы бір дәстүрінен хабардар болды.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:
Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда екі балғынның тұсауын кесіп едім, бүгін үшінші рет маған осындай жауапкершілік жүктелді. Кішкентай Арияға бақыт, жарқын болашақ тілеймін. Осы керемет салтты біз сақтап қалуымыз керек.

Шетелдіктер тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыпқа, ешкімге ұқсамайтын ұлттық музыкаға тәнті болды. Қазақтың бай мәдени мұрасын көру үшін норвегиялықтар енді Қазақстанға сапарлауға асық.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу