Алматы облысында қалың нөсер жаңадан салынған Талдықорған-Өскемен тас жолын шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында қалың нөсер жаңадан салынған Талдықорған-Өскемен тас жолын шайып кетті

23.05.2022

Алматы облысында қалың нөсер жаңадан салынған Талдықорған-Өскемен тас жолын шайып кетті. Толассыз жауған жаңбыр мен таудан еріген қар суы республикалық маңызы бар жол бойындағы суағар құбырларды бұзып, қозғалыс тоқтады. Жол құрылысына жауапты ҚазАвтоЖол компаниясы қызметтік тексеруді бастады.

Мына құбырдың диаметрі 1,5 метр. Таудан аққан судың қатты болғаны соншалықты, су құбырға сыймай, жан-жағынан аға бастаған. Нәтижесінде тас жолды шайып кетті. Кеше ғана жыраның ортасындағы қашықтық 3-4 метр болса, қазір 7 метрге жетті. асфальт әлі де үгітіліп сынып жатыр.

Дәл осы жыра және одан 2 шақырым жерде орналасқан тағы бір суағардың жарамсыз қалуы мыңдаған адамды әбігерге салды. Енді олар діттеген жеріне жету үшін 200-ден астам шақырым айналып өтуі тиіс. Жолдың екі жағынан да тәртіп сақшылары күзетіп, көліктерді басқа бағытқа бұрып жатыр.

Қалибек Қапар, жолаушы:
Кеше шықтық. Анамызды больницаға апарайын дегем ғой. Қиындық танытты. 200 шақырым алыс кеттік айналып. Біраз қиыншылық көрдік шыны керек. Жолдың сапасы бүкіл халықтың несі ғой. Жол азабы көр азабы дейді біздің атамыз. Жолды дұрыстаған дұрыс қой. Жап-жаңа жол кішкентай суға шыдас бермей жатыр.

Ал су шайған жерлерде қазір жұмыс қызу. Жолды салған мердігер кәсіпорын 16 техника, 20 адаммен апат салдарын жойып жатыр. Оларға аудандық және облыстық жол басқармалары да көмекке келген. Бір тәулікте сол маңдағы ескі айналма жолды қалпына келтіріп, қозғалысты жандандырмақ. Ал жаңадан салынған республикалық маңызы бар трассаны қалпына келтіру үшін алдымен шығынды анықтау керек дейді, сала мамандары.

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы облыстық филиал директорының орынбасары:
Жұмысты жасау үшін негізінде бір айдың көлемінде уақыт кетеді. Сол себепті бізде бір ай күтетін уақыт жоқ. Сол себепті уақытша жолдың жұмыстарын жасап жатырмыз. Содан кейін жаңа жолдың жұмысына кірісеміз.

Уақытша жол салынғанын күтпей және айналма жолмен де жүргісі келмеген халық амалын тауып, жаяу қатынап жатыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу