Маңғыстау облысындағы Жетібай ауылының тұрғындары мұнай қалдықтарынан тарайтын улы газдарға тұншығып отырмыз деп, арнамызға шағымданды. Елді мекеннің айналасында қара алтынның қалдықтары ашық-шашық төгіліп жатыр. Ал, «мұнай қалдықтарын өңдейміз» деп, жер алған компаниялар экологиялық заңдылықтарды сақтамай отыр дейді жұрт.
Мұнай қалдықтарына қатысты мәселе көтеріп жүрген белсенді азаматтардың бірі - Ағзам Жұмсақов. Жетібай ауылының тұрғыны бұл жайтты 16 жылдан бері айтып, құзырлы органдарға шағымданып келеді. Қазір мұнайды жиі өртейді. Салдарынан тұрғындар түтіннен көз ашпайды, дейді ол.
Ағзам Жұмсақов, Жетібай ауылының тұрғыны:Осындай 20 карьердің бәрін былғап жатыр бүгінгі таңда. Біріншіден экологиялық кодекс нарушен мына жерде, земельный кодекс нарушен былғап жатыр, сосын рекультивация жасалмаған, 3 заңбұзушылық бар. Облыстық экология бастықтарын әкелетін болсам, олар қорғайды. Мына жерде ешқандай заңбұзушылық көріп тұрған жоқпын дейді. Ешкім өртеп жатқан жоқ дейді. Осыны 6 ай жаз Жетібайды өртеп, бүгінгі таңда кемтар балдар мектебі ашылды.
5 жасар Саянның денсаулығында туа бітті ақау бар. Қарындасы Аружанның да дамуы кеш. Бақытжан Ешманов 2 бірдей баласының ауруын экологиямен байланыстырады. Ауылда соңғы жылдарда науқас балалар көбейген.
Бақытжан Ешманов, Жетібай ауылының тұрғыны:Еңбектеп бүйтіп жүреді оны массажға апарып, кішкене жүріп кетті өзі. Сөйлемейді жанағы не істемейді. Карьерлер көп шаңытып жатқан біз соны жұтып жатырмыз. Балалар сондай зардап шегіп жатыр.
Жетібай ауылы облыс орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқан. 12 мыңға жуық тұрғыны бар.
Жетібай ауылының аумағында осындай мұнай қалдықтары төгілген бірнеше жер бар. Мысалы мынау бұрынғы карьердің орны, қараусыз қалған. Соны пайдаланған компаниялар заңсыз келіп қарамайды төгіп жатыр. Мұнай қалдығының исі өте өткір, қолқаны қабады
Ауданда мұнай қалдықтарын өңдеу үшін 12 компанияға жер берілген. Оның бірі 6 гектар аумаққа 10 мың тоннадай мұнай қалдығын төгіп, жайына кетіпті. Тіпті, 650 млн теңге айыппұлды да төлемеген.
Сымбат Төретаев, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары:Ендігі мәселе біздерге осыны сот арқылы коммуналдық меншікке алу қалдықтарды және проек рекультивация жасап, конкурс жариялап, осының көзін жойып, жерді реттеп ретке келтіруіміз керек.
Экология департаментінің мәліметінше, аудан аумағында жұмыс істейтін компаниялардың ешқайсысы экологиялық заңнаманы сақтамаған. Оларға 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.
Гүлім Лұқпанова, Облыстық, Экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы:Тұрғындардың өміріне зияны жөнінде ғылыми институттарды шақырту арқылы белгілі-бір дәрежеде зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз.
Түсірілімнен кейін экологтар мұнай қалдықтары төгілген аумаққа барғандарын хабарлады. Факті расталып, сынамалар алынған. Енді сол жердің нақты иесі анықталуда.
Аягөз Оралбайқызы