Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі сахналанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі сахналанды

23.05.2022

Түркістанда жаңа премьера. Музыкалық драма театрының әртістері жаңадан «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған спектакльді белгілі ресейлік балетмейстер, театр режиссері Константин Семенов сахналады. Спектакльде еліміздің әр аймақтары мен шет елдерде мол тәжірибе жинаған талантты әртістер ойнайды. Қойылымды тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден арнайы қонақтар келді.

Қорқыт - түркі халықтарына ортақ рухани абыз, ойшыл, жырау, қобызшы. Ол туғанда жер-дүние алай-дүлей болып, адамзатты қорқыныш билейді. Кейін жер бетін қуаныш кернейді. Пластикалық спектакльдің өн бойында ақ пен қара, қайғы мен қуаныш, зұлымдық пен мейірім үздіксіз арпалысқа түседі. Әртістердің қимыл қозғалысы дүниенің жалған, тек ізгілік қана мәңгілік екенін көрсетеді. Қорқыт пен жер бетін араздыққа айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.

Бұған дейін қызылордалық көрермендер театрдағы кезекті қойылымдардың бірін жоғары бағалап, Сыр өңірінен шыққан қобызшы Қорқыт жайлы кітапты ұжымға тарту еткен еді. Міне, содан бері театр ұжымы «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін киелі сахнада сомдауды мақсат етіп, оны сәтті орындап шықты.

Зәуре Оралбаева, қала тұрғыны:

Біз әдетте жаңағы актерлардың бір-бірімен тілдесуі, бір көңіл-күйін, олардың сөзінен немесе салған әнінен байқаймыз ғой. Ал бұл жерде қозғалыс, қозғалыс арқылы тіршіліктің дүниенің қалай пайда болуы, жалпы негізінде осының барлығына иелік ететін адам баласы және ол әр қадамымен, әр мінезімен барлығын реттейді және жақсы қыла алады деген сияқты ой түюге болады.

Қойылымда рөлдерді Еркінбек Әубәкіров, Ақылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов сынды кәсіби балет әртістері ойнайды. Ал спектакльді ресейлік театр-режиссері, балетмейстер Константин Семенов қойған. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев қойылымға Қорқыт бабамыздың күйлерін пайдаланған. Қорқыттың рөлін сомдайтын Еламан Әбдіхалық жыраудың образына кіру өте ауыр болғанын айтады. Себебі, Қорқыттың бейнесі мұңды. Өмір бойы өлімнен қорқып, одан қашуға тырысқан.

Таңшолпан Сәулембай, қала тұрғыны:

Спектакль өте керемет, қатты ұнады. Бұрынғы тарихи таспа таңбалардан бастап, адамның жаңғыруы, тас дәуірінен басталған. Одан кейін 3Д форматты қолданған байқасаңыздар. 3Д форматтың өзі ерекше.

Театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова жаңа қойылым арқылы барлық шеберлігіміз бен мүмкіндігімізді көрсетуге тырыстық дейді. Кәсіби мамандар қойылымды жаңаша көзқараспен сахналап, көрерменді терең ойға батыратын, ішкі дүниесін сыртқа шығаратын тың туынды жасауға тырысқанын айтады.

Айнұр Көпбасарова, театрдың директоры, көркемдік жетекшісі:

Бұл жерде заманауи ағымға байланысты жаңашылдық. Біз эксперименттік театр болғандықтан, біз осы саланың маманын арнайы шақырдық. Адамның ішкі жан-дүниесін дененің қимылы арқылы, эмоция арқылы, көз, есту арқылы спектакльде беріледі. Әрине бұл жаңа дүние, тың дүние әркімнің қабылауы әртүрлі болуы мүмкін. Көрерменнің өзінің қырағы көзіне, ұшқыр ойына байланысты.

Айта кетейік, бұл Түркістан музыкалық драма театрының биылғы жылға төртінші қойылымы. Бұған дейін театр әртістері «Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Фариза» атты қойылымдарды сахналап, көрермен көзайымына айналған болатын.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу