Шымкенттегі жарылыс: Зардап шеккен 7 адамға көмек көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі жарылыс: Зардап шеккен 7 адамға көмек көрсетілуде

23.05.2022

Шымкенттегі перзентхана жанындағы дәріханада болған жарылыстан зардап шеккен екі адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Олар медициналық мекеменің санитарлық қызметкері. Сондай-ақ апаттан тағы 5 адам жарақат алған. Оның үшеуі медицина қызметкері, қалған екеуі ғимаратқа интернет желісін жүргізуге барған маман. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы орташа. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деді облыстық Денсаулық сақтауы басқармасының басшысы. Сондай-ақ перинаталды орталықтан өзге перезентханаларға ауыстырылған жүкті әйелдер мен нәрстелердің де жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында.

Марат Пашымов, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

Дәрі-дәрмек жеткілікті. Науқастардың жағдайы бірқалыпты. Республикалық ғылыми зерттеу институттарының бас мамандарымен консультация жасалған. Қажет кезде Алматы, Астанаға тасымалдау жасауға дайынбыз.

Арнайы комиссия апаттан келген шығынды есептеуге кірісті. Болған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Заң бойынша оған кінәлілер 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерге қатысты прокуратура тергеу жүргізуде. Ол кәсіпкерлік қызметіне байланысты лицензиясынан айырылуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу