Талдықорған-Өскемен тасжолын су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған-Өскемен тасжолын су шайып кетті

23.05.2022

Алматы облысында нөсер жауыннан соң Талдықорған-Өскемен тас жолын су шайып кетті. Толассыз жауған жаңбыр мен таудағы еріген қар суы республикалық маңызы бар жолдың 395-ші шақырымындағы суағар көпірді бұзып, қозғалыс тоқтады. Дәл қазір әріптесім Қуаныш Қанатұлы оқиға орнынан тікелей байланысқа шығып, жағдайды баяндамақ.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Кеше күні бойы жауған жаңбырдан кейін жиналып, көлбеу аққан су шеңбер тәрізді көпірді бұзып, ұзындығы үш-төрт метрдей тас жолды екі жерден шайып кетті. Қазір оқиға орнында құзырлы органдар мен мердігер мекеме жұмысшылары апат салдарын жоюға тырысып жатыр. Басты мақсат қозғалысты жылдам қалпына келтіру. Табиғи апат жолаушыларға қолайсыздық туғызғаны болмаса, бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Өкініштісі миллиардтаған қаржы бөлініп салынған тас жолдың жаңбырға шыдас бермегені.

Қуаныш дәл қазір Талдықорған-Өскемен бағытында жолға шыққан жолаушылар қалай қатынамақ?

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Енді жүргізушілер мен жолаушылар діттеген жеріне жету үшін 200-ден астам шақырым жолды айналып өтуі керек. Бұл ең алдымен уақыт және қаржы жағынан қолайсыз. Сондай-ақ кеше Кербұлақ ауданының Байғазы және Қоғалы ауылымен де сел жүріп өтті. Таудан аққан су бірнеше көшені шайып, аулаларға кірген. Қазіргі таңда ол жақта жағдай тұрақты. Ал облыс бойынша жауын-шашын әлі жалғасады деген болжам бар. Өңірдегі ахуалды алдағы шығарылымдарда толығырақ тағы хабарлаймын.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу