Президент: Сот жүйесін табанды түрде реформалайтын уақыт келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Сот жүйесін табанды түрде реформалайтын уақыт келді

22.05.2022

Мәскеуден келгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесмендермен кездесті. Соңғы рет Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен қаңтарда жүздескен еді. Бірақ 4 айда елімізде де, әлемде де талай өзгеріс болды. Сол қаңтардағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің бір адам қолында шоғырлануы қоғамды күйіндіріп, сенімнің жоғалатынын айтқан еді. Бабельді Гегельмен шатастырып жүрсе де, ірі бизнес жобаларға, ел экономикасының негізгі секторына жауап беретін «бақытты» да бай адамдарды меңзегені естеріңізде шығар?! Сол қаңтардағы кездесуден кейін бұрын атын атап, түсін түстеуге болмайтын ірі монополиялық компаниялардың басшылары, өкілдері ұсталды. Осы аптада солардың бірі Қайрат Сатыбалдының Дубайға ұшпақ болған ұшағынан 1,5 млрд доллар табылғаны жарияланды. Қазақстандық Форбстың тізіміне енген Сатыбалдының «Каспий банк», «Қазақтелеком», «Alatau Capital Invest» сияқты ірі компанияларда сыбағасы бар. Иә, сең қозғалды... Дегенмен, сенім оралды деуге әлі ерте.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы кездесуде тағы олигополия мен сыйбайлас жемқорлықты сөз етті. Ескі тәсілдерді ұмыту керек. Өйткені құқық қорғау органдарының бизнесмендерге кейде кедергі келтіріп жататыны жасырын емес. Мемлекет басшысы бизнесмендермен жиында сот жүйесін табанды түрде реформалайтын уақыт келгенін айтты. Осы аптада ҰҚК-нің сайтында президенттің бұл органды да реформалау жөнінде жарлыққа қол қойғаны жарияланды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты кейбір мемлекеттік мекемелер қысқартылып, енді бірі қайта құрылып жатыр.


Хабарламаларға жазылу