Президент: Елімізде лауазымды қызметті қайта бөліске салуға жол берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Елімізде лауазымды қызметті қайта бөліске салуға жол берілмейді

19.05.2022

Елімізде лауазымды қызметті қайта бөліске салуға жол берілмейді. Бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Кәсіпкерлерді мемлекет мүддесін жоғары қоюға шақырды. Үкіметке бизнес қауымдастықпен бірлесіп, келер жылға дейін салық саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын дайындауды тапсырды. 

Президент бәріне бірдей әділ қызмет ету үшін ашық экономика қалыптастыру саясатын жалғастырады. Енді «жайлы орын», лауазымды қызметті бөліске салатындардың жолы кесілмек. Ешбір қызметті заңсыз иеленуге жол берілмейді. Жиында Мемлекет басшысы алдағы республикалық референдумда әр азаматтың дауысы маңызды екенін тағы бір еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
5 маусымда республикалық референдум өтеді. Ата заңымызға өзгерістер енгізіледі. Екінші республика мемлекеттік басқару үлгісіне көшеміз. Халқымыз осындай бетбұрысты кезеңде ел болашағын айқындауға тікелей атсалысатын болады. Жауапты сәтте әр азаматымыздың дауысы айрықша рөл атқарады. Түптеп келгенде келешегіміз экономиканың мықты болуына байланысты. Осы орайда кәсіпкерлеріміз мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек. Жалпы жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға алаяқтармен күресті күшейтуді тапсырды. Құқық қорғау органдарының жұмысына сын көп. Сондықтан кәсіпке кесірі тиетін «тәртіп орнату» тәсілін өзгертуді міндеттеді. Бастысы бизнес пен мемлекет мүддесінің арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтау. Бұдан былай рейдерлік не құқық қорғау органдарының негізсіз қысым көрсетуіне жол берілмейді. Бұл жағдайда анықталған әрбір дерегі Бас прокурордың жеке қадағалауында болуға тиіс. Бастысы мұндай істерді соңына дейін жеткізуге тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты сыни пікір көп екенін білемін. Тәртіп орнату кезінде үйреншікті тәсілге салу салдарынан бизнеске кесірі тиетін кездер болуы мүмкін. 2019 жылы Жолдауымда кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз кедергі келтіру - мемлекет мүддесіне қайшы қылмыс ретінде қаралуы керегін айтқанмын. Бұл - Бас прокуратураның жұмысы. Күрес алаяқтармен жүруі керек. Қайталап айтамын, алаяқтармен күресу керек.

Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік аудит жүйесі. Кейде кәсіпкердің жолын бөгеп, кедергі болатын да осы. Оны бизнесмендер де белсенді көтеріп жүр. Мемлекеттік аудиттің тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты тексеру нәтижесі көбіне сол бизнес иесін қылмыстық қудалауға негіз болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұндай жүйе кәсіпкерлерге мемлекеттік аудит нәтижесіне шағымдануға да, негізсіз қылмыстық қудалаудан қашуға да мүмкін болмайтындай етіп құрылған. Мемлекеттік аудит қорытындысына азаматтық тәртіппен шағымданудың барлық мүмкіндігі таусылғанша қылмыстық істі бастауға мүмкіндік бермейтін тетікті енгізу қажет. Тұтастай алғанда, Бас прокуратура тез арада бизнес-омбудсмен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қылмыстық және азаматтық-құқықтық саланың аражігін ажырату тетігін жедел түрде дайындауға тиіс. Коммерциялық дауды азаматтық-құқықтық тәртіппен шешу – аса маңызды міндет.

Салық саясатында тепе-теңдік жоқ. Мысалы, кейбір ірі компаниялар қазіргі заңның аясында шағын кәсіпорынның деңгейінде ғана салық төлейді. Бұл бюджетті қомақты қаржыдан айырып отыр. Енді Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салық саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын дайындайды. Президент келер жылға дейін салмақты ұсыныс беруді міндеттеді.

Ақерке Бектас



Хабарламаларға жазылу