Медицинадағы түйткіл: ақпараттық жүйелерді біріктіру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицинадағы түйткіл: ақпараттық жүйелерді біріктіру керек

18.05.2022

Еліміздің медицина саласындағы ақпараттық жүйелерге министрлік тарапынан бақылау жасау мүмкін емес. Өйткені өңірдегі жүйелердің бір-бірімен байланысы жоқ. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру мәселесі өте күрделі екенін бүгін министрдің өзі де айтты. Брифингке келген Ажар Ғиниятқа Damumed косымшасына қатысты сұрақ қойылды. Медициналық көмекке жүгінбесе де дәрігерге жазылды, қаралды деген жалған мәлімет мәселесі көтерілді. Мұндай олқылықтарға жол бермес үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру керек дейді министр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Жергілікті денсаулық сақтау басқармаларымен келісім-шартқа отырған 20-ға жуық жеке ақпараттық жүйе бар. Осындай жағдай болмауы үшін, олардың бәрін бір жүйеге біріктіріп, сосын сол бір жүйеден қарап отыруға болады. Қазіргі таңда министрлік тарапынан жергілікті жердегі әртүрлі жүйені бақылап, қарауға мүмкіндік болмай отыр.

Сондай-ақ, брифингте елімізде коронавиуспен күреске қанша қаржы кеткені айтылды. 2020 жылы бюджеттен 252 млрд теңге жұмсалған. Былтыр 556, ал биыл 86 млрд теңге бөлінген. Осылайша, 3 жылда пандемиямен күрес шараларына 894 млрд теңге бағытталды. Ақшаның бір бөлігі дәрі-дәрмек, вакцина, қорғаныш құралдары, жасанды тыныс алу аппараттары мен басқа да медициналық техника сатып алуға кетті. Дәрігерлердің жалақысына үстемақы, түрлі мамандардың шығындары да осы ақшадан төленді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу