Украинаның «Азовсталь» зауытына бекінген жауынгерлерді эвакуациялау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның «Азовсталь» зауытына бекінген жауынгерлерді эвакуациялау басталды

17.05.2022

Украинаның «Азовсталь» зауытына бекінген жауынгерлерді эвакуациялау басталды. Жүздеген сарбаз сепаратистер бақылауындағы аудандарға жіберілді. Киев оларды ресейлік тұтқындарға айырбастаудан үмітті. Ал, "Макдональдс" Ресейден біржола кеткенін хабарласа, Еуропа одағы бұл мемлекеттің мұнайына эмбарго жариялай алмай отыр. АҚШ сенаторлары Украинаға 40 млрд доллар көмек бөлуге жақын.

Азовстальдан 264 жауынгер эвакуацияланды

Мариупольдегі «Азовсталь» зауыты төңірегінде жағдай өзгерді. Украина билігі одан 264 әскери қызметкердің шығарылғанын растады. Елдің Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша ауыр жараланғандардың 53-і өзін-өзі «Донецк халық республикасы» деп жариялаған аймақтың Новоазовск қаласына жөнелтілген. Қалғандары Оленевка ауылындағы фильтрациялық түрмеге жіберілді. Сонымен

қатар, Маляр украин әскерилерін үйіне қайтару үшін «айырбастау процедурасы жүргізілетінін» хабарлады. Президент Зеленский болса, ел армиясы «Мариуполь қорғаушыларын құтқару операциясын» бастағанын, бірақ бұл шаруа әдептілік пен уақытты қажет ететінін атап өтті. Және де, оның сөзінше қазір Украинаға батырларының өмірі маңызды.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Украинаға қаһармандарының тірі қалғаны қажет екенін атап өткім келеді. Біздің ұстанымымыз осындай.

Донбасс үшін шайқас жалғасып жатыр

Кейбір мәліметтерге қарағанда, металлургиялық зауытта «Азов» батальонының 600-дей сарбазы қалды. Олар әкетілсе, Мариуполь толықтай Ресей армиясының бақылауына өтеді.

Украиналық жауынгерлер ресейліктерді Харьков маңынан аластатты. Бірақ елдің шығысындағы кең аумақта қиян-кескі ұрыс жалғасып жатыр. Зеленскийдің кеңсесі бүгін хабарлағандай, Донецк маңындағы барлық майдан шептерінде атыс күшейген. Северодонецк қаласына Ресей әскері снаряд жаудырғанда кемінде 10 адам қаза тапса, Донецк облысында тоғыз бейбіт тұрғын жан тәсілім еткен. Ал, елдің батысындағы Львовта сегіз жарылыс болды.

ЕО Ресей мұнайына эмбарго жариялай алмады

Дипломатиялық майданға тоқталсақ, Еуропа одағы Ресей мұнайына эмбарго жариялау мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмады. Өйткені, бұл идеяны Венгрия экономикалық зардабынан қауіптеніп, қолдамай отыр.

Жозеп Боррель, Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы:

Біз Ресейге қарсы санкция жариялауды жалғастыра береміз. Сондағы мақсат – Кремльді басқыншылықты қаржыландыру мүмкіндігінен айыру. Бірақ, өкініштісі сол – бүгін санкциялардың алтыншы пакеті бойынша уағдаластыққа қол жеткізе алмадық.

Украинаға көмек мәселесі талқыланып жатыр

Дегенмен, АҚШ Сенаты Украинаға 40 миллиард доллар көмек беру мәселесі бойынша пікірталасты тоқтатып, апта соңында бұл пакетті дауысқа салуды басым көпшілікпен қолдады.

Германияның қаржы министрі Кристиан Линднер Украинаны қалпына келтіруді қаржыландыру үшін Ресейдің мемлекеттік активтерін тәркілеу бастамасын талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

«Москвич» автокөлігі қайта шығарылуы мүмкін

Ал, әйгілі McDonald's Ресейдегі 30-жылдық жұмысын тоқтатып, барлық мейрамханаларын сатуды жоспарлап отыр. Мәскеу мэрі Сергей Собянин болса, Renault Russia зауытын қала меншігіне алып, баяғы «Москвич» маркасымен автокөлік шығаруды қайта жалғастыруға уәде берді. Айта кетсек, француздық автоконцерн Ресейдегі бизнесін доғаратынын наурызда мәлімдеген еді.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу