5 маусымға жоспарланған республикалық референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 маусымға жоспарланған республикалық референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады

17.05.2022

5-маусымға жоспарланған республикалық референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады. Бұл туралы Орталық салау комиссиясының отырысында мәлім болды. 

Республикалық науқанға барлық аймақ әзірлік үстінде. Жергілікті атқарушы органдар учаскелердің дауыс беру күніне дайындығын бақылауда ұстауы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватакси, сурдоаудармашы қызметі ұсынылады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
«Бүгін біз республикалық референдумды әзірлеудің маңызды мәселелерін қарастырдық. Осылайша, референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі науқан жаңа кезеңге аяқ басты. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кірісті. Тыңдалған есептерге сүйенсек, нақты жұмыстар жүргізілді».

Жалпыхалықтық науқан кезінде ел бойынша 10 013 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 9 468-і азаматтарды тіркеу орны бойынша жасақталады. Соңғы ақпарат бойынша референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне 11 млн 722 мың 536 адам енді. Яғни, осынша азамат жалпыхалықтық науқанда өз дауыстарын беріп, таңдау жасайды. Референдум бюллетеньдері 28 мамырға дейін дайын болады. Дауыс беру бюллетеньдері 1 пайыз резервпен дайындалады. Яғни, 11 млн 839 мың 761 бюллетень жасалады.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
«Республикалық референдум туралы» Констиутциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау тәртібін Орталық референдум комиссиясы белгілейді. Учаскелік референдум комиссиялары дауыс беру күніне дейін кемінде 7 күн бұрын дауыс беруге арналған бюллетеньдермен қамтамасыз етіледі».

Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзетулер енгізуге болмайды. Дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат кешкі сегізде басталады. Санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу