Әкімдердің рейтингіне енді жол сапасы да әсер етпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдердің рейтингіне енді жол сапасы да әсер етпек

17.05.2022

Енді әкімдердің рейтингіне жол сапасы да әсер етеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Бүгінде елімізде 96 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары бар. 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдарды 100 пайыз, ал жергілікті жолдардың 95 пайызын нормативтік жағдайға келтіру көзделген. Көлік-транзиттік әлеуетті арттыру үшін 8 көлік дәлізі жаңғыртылады. Бұл үшін жолдарды қайта салу, жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы 3 жылда 4 мың шақырым автожол ақылы болады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов құрылыс маусымын тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Жылда жыр болатын битум тапшылығын ертерек шешуді тапсырды. Жалпы, жол саласында проблема аз емес. Әсіресе өңірде көп жолдың сапасы сын көтермейді. Сондықтан да болар, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-ші орында тұр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді. Бұған қоса, білікті кадрлар жетіспейді. Жол-көлік инфрақұрылымын жобалау және салу кезінде жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялар аз қолданылады. Бұл жолдардың сапасы мен оларды жөндеу және салу мерзіміне де әсер етеді. Индустрия министрлігі осы мәселелерді пысықтауы қажет.

Сондай-ақ, бүгін Үкіметте ұзындығы 250 шақырым болатын 400-ден астам кірме теміржол мемлекет меншігіне өткені айтылды. Алдағы уақытта тағы 25 компаниянияға тиесілі 138 кірме теміржол мемлекетке қайтарылады. Бұл жұмыспен экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия айналысып жатыр. Нәтижесінде темір жол инфрақұрылымы саласында делдалдар жойылып, шығындар азаяды. Бұдан бөлек, жекешелендірудің кешенді жоспарынан халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін 205 нысанды алып тастау көзделіп отыр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу