Ақмола облысында тұрғындар өздеріне тиесілі үлестерін талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында тұрғындар өздеріне тиесілі үлестерін талап етті

13.05.2022

Ақмола облысында тағы да жер дауы. Бурабай ауданының Абылайхан, Ақылбай, Баянбай, Қарабауыр мен Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары пай мәселесін көтерді. Олар өздеріне тиесілі үлестерін 15 жыл бойы ала алмай келеді. Ауылдағы ағайын жиналып, өз талап-тілектерін біздің арна тілшілеріне жеткізді.

Бес ауылдың жерін "Есіл-Агро" серіктестігі игеріп отыр. Алайда шаруашылық үлескерлерге өнімді бөліп беру түгілі, ауылдағы ағайынды мүлдем ұмытқан. Тұрғындар өнім көлемі, пайда мөлшері туралы хабардан мақұрым.

Қайырбек Исин, Абылайхан ауылының тұрғыны:

Пайды дұрыс бермейді. Былтырғы берген пай тауық та жемей қойды мал түгілі. Жатыр әне. Оның өзі 30-40 келіден ғана берді әр үйге. Килограмм, центнерге ешкім жеткен жоқ бір центнерге. Пенсиямды жем сатып алуға жұмсаймын. Бір қап жем 6 мың - 7 мың. Осымен күн көріп жатырмын. Ал мынау, бәлен гектар пашнямыздан ешқандай пайда көріп жатқанымыз жоқ.

Серіктестік ауылдарға серіктесіп, серпін бергеннің орнына сенделтіп қойды,-дейді тұрғындар. Жем-шөп болмаған соң, мал түгілі жан бағудың өзі қиындаған.

Белгібай Хасенов, Абылайхан ауылының тұрғыны:

Елде жұмыс жоқ. "Есілде" істейтін жігіттер бәрі шығып кетті. Себебі үш айда, төрт айда бір жалақы береді. Оның өзі мардымсыз. Ол 3-4 айда алғаннан кейін жалақыңды түгел алдың ба, алмадың ба, оның есебін де ешкім айыра алмай қалады.

Үлескерлермен кездесуге келген компания басшысын тұрғындар сұрақтың астына алды. Басты талап сапалы өнім алып, лайықты үлес бөліп бер. Олай болмаса, көпшілік серіктестік құрамынан шығуға ниетті.

Самат Ескендіров, "Есіл" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы:

"Есіл-Агро" компаниясы 5 жыл дағдарыстың экономикалық қиын жағдайларға түсіп жүріп сонымен бірге, бірақ "Есіл-Агро" жұмыс істейміз. Жұмысымызды дұрыстаймыз. Келістік. Сондай уәде бердік. Бірақ әр жағында жерді бөліп басқа неге шығамыз десе, оған да ешкім кедергі жасап жатқан жоқ.

Серіктестік алдағы уақытта өнімділікті арттырмақ. Бірнеше күннен кейін тағы да кездесу өтеді. Тараптар ортақ мәмілеге келмесе, тұрғындар егіс науқанын бастауға жол бермейміз деп отыр.

Ермек Елберген 

Хабарламаларға жазылу