«Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильм қалың көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильм қалың көрерменге жол тартты

13.05.2022

Қазақ фильмде премьера! «Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильм қалың көрерменге жол тартты. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кинотуынды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Фильм желісі Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресті баяндайды.

Ұлы тұлғалар ұрпаққа ұлағат. Ал, Қасым хан – талайынан бәсі басым хан. Оның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Осы тұрғыда фильмнің атауы жәй теңеу емес. Ақиқатында «Ұлы дала таңын» атырған аңыз адам.

Ерік Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

Осылай ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, хандарымызды, найзаның ұшы, білектің күшімен алған батырларымызды таныстыру керек. Біз өз тарихымызды білмесек ұлт бола алмаймыз.

Мұны көрермен жақсы ұғады. Орын болмаса да жантайып жатып қарауы содан. Кино алғаш Алматыда көрсетіліп, оң бағасын алып үлгеріпті. Енді елордадалықтарды елең еткізді. Себебі кино ортада мынадай тұжырым бар. Егер сценарий нашар болса, актерлар құтқарады. Ал актерлар әлсіз болса, режиссер алып шығады. Бірақ, мұнда бәрі сайдың тасындай. Басты рөлдерде Берік Айтжанов, Ерік Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов. Мәтінгер Бекболат Шекеров. Режиссері Ақан Сатаев.

Ақан Сатаев, кинорежиссёр, «Қазақфильм» АҚ президенті:

Фильмді негізінде 1.5 жылдай түсірдік. 2 айға жуық түсірілім күндері, 2500 адамдай шығармашылық топ. Түсірген жерлеріміз Нарынқол, Қапшағай мен Қазақфильм павильондары.

Әкесі – Әз Жәнібек. Өзі қазақ хандығының негізін қалаушы. Демек киноға сыни көз көп болары сөзсіз. Сондықтан бала Қасымнан бастап хан Қасымға дейінгі аралық қамтылған. Сол замандағы алауыздық, ұрыс-керіс, билер кеңесі, жер дауы, елшілік жоралар мен дәстүр сабақтастығы шебер суреттелген. Түбі мызғымас әділ заң бекітілді. Бұл баршаға мәлім Қасым ханның қасқа жолы.

Берік Айтжанов, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қазіргі таңда бұл жастарға көп өнеге, тәлім берері мол. Батыр бабаларымыздың ерлігі патриоттық рух үндейді. Тәуелсіздігіміздің құндылығын қастерлеуді үйретеді. Маған ең бір әсерлі сахналардың бірі болған Ерік Жолжақсынов ағамыз екеуіміз. Бұрындық ханның шайқаста жарақат алып билігін беретін сәті деп ойлаймын.

Тарихи драма Тәуелсіздіктің құндылығын қастерлеуге дәріптейді. Өйткені, өткеннен өнеге алмай, келешекке кемел жоспар түзу мүмкін емес.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу