Сенаторлар Қонаев қаласындағы балалар орталығының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенаторлар Қонаев қаласындағы балалар орталығының жұмысымен танысты

13.05.2022

Бір топ сенат депутаты Қонаев қаласындағы балалар орталығының жұмысымен танысты. Олар әуелі ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығына бас сұқты. Орталықта әр бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және баланың дамуына қолдау көрсететін басқа да білікті мамандардан көмек алады. Арнайы орталық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде әртүрлі диагнозы бар 260 бала тіркеуде тұр.

Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
Қазақ ешқашанда балаларының, немерелерінің ауыр жағдайына бейжай қарамаған. Сондықтан барлығымыз бірге қоғамның ортасында орын алып отырған осындай проблемалық жағдайларды бірге жұмыс істеуіміз керек, бірге көмектесуіміз қажет.

Сондай-ақ, депутаттар Қонаев қаласындағы балаларға арналған шығармашылық орталықтың жұмысымен танысты. Мұнда 900-ге жуық бала түрлі үйірмелерде дәріс алады. 50 жылдық тарихы бар мекемеде музыка, ән, би үйірмелері жұмыс істейді.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу