Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылы маңындағы қорымның бір шетін Нұра өзені шәйіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылы маңындағы қорымның бір шетін Нұра өзені шәйіп кеткен

12.05.2022

Зиратты су шайып, сүйектер шашылып жатыр. Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылы маңындағы қорымның бір шетін Нұра өзені шәйіп кеткен. Тұрғындардың айтуынша құм алатын карьердің кесірінен өзен бұрыңғы арнасынан айнып, бейіттің маңынан аға бастапты. Ал әкімдік тарапынан жүргізілген «өзен арнасын кеңейту жұмыстары» жығылғанға жұдырық болып, қорымды құрдымға кетірген.

Ауыл халқын жақындары жатқан қорымның жағдайы қатты алаңдатып отыр. Себебі жыл сайын Нұра өзені зираттарды шайып, сүйектер шашылып қалады.

Ауыл тұрғындары талай мәрте сүйектерді жинап, бір жерге рәсімдеп көмген. Алайда бұл жағдай жылда қайталанып, бірнеше зират суға кетеді. Тұрғындар бұл бір жағынан, әруақтарды қорлау болса, екінші жағынан антисанитария деп дабыл қағуда.

Әлтай Әміров, Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны:
Су тартылған соң тағы қараймыз. Биыл тағы кетті кісілер. Қорымнан құлап, бергі жағында қызыл тастар тұрған олар да кетті құлап. 

Ауылдан 7 шақырым жердегі қорымда мыңға жуық төмпешік бар. Бірақ бейіттердің нақты санын ешкім айта алмайды. Белгі қалмаған бейіттердің кейбіріне ғасырдан астам уақыт болған. Үлкендер зобалаң жылдары бұл қабірге холера, оспа және басқа да жұқпалы індеттерден көз жұмғандарды жерлеген болуы мүмкін дейді. Сондықтан бұл жағдайды тезірек реттемесе, өзен суынан зиян келуі мүмкін.

Дәуіт Ыбыраев, Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны:
Нұраның суы ауылға қарай ағып жатыр. Рақымжан Қошқарбаев ауылына, ол жақтан малдар су ішеді. Балалар суға түседі. Бәрі экологияға байланысты ғой. Әруақ разы болмай тірі байымайды деген қазақпыз. Әруақтар тыныш жатсын, сүйектерін судан теріп жүрмейік, кеш болып кетпесін деп біразы кетті.

Бабалары байыз тапқан қорымды сақтап қалудың қамын ойлағандар жауапты орындарға хат жолдап көмек сұраған. Алайда ауыл әкімдігінің қызметкерлері «облысқа жолданған өзен арнасын бұру туралы өтінішке былтырдан бері жауап жоқ» дейді. Ал, қорымды ауылдың балансына алу үшін құжаттарын жинауға кіріскен.

Светлана Каппиляр, Р.Қошқарбаев ауылы әкімдігінің бас маманы:

Бұрын бұл зират осы ауылға біріктірілген кеңес бөлімшесіне қараған. Тәуелсіздік жылдары құжаттары реттелмеген. Қазір оны рәсімдеп бітіріп қалдық. Ал, бір жыл бұрын өзен арнасын бұруға қаражат сұрап облыстық әкімдікке қайырылдық.Одан да жауап жоқ. Біз ауыл адамдарының көмегімен сүйектерді жинап, жылда тазалап тұрамыз.

Осылайша біренеше жылдан бері тұрғындар көтеріп жүрген мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Жергілікті әкімдік пен тиісті мамандар өзеннің арнасын бұру қажет дейді. Алайда оған қыруар қаражат керек. Ауыл азаматтары қаражат бөлінбегенше қорым түгел су астына кете ме деп алаңдайды.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу