Қазақстан мен Германия 11 келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Германия 11 келісімге қол қойды

12.05.2022

Жамбыл облысында гипс тастарын қайта өңдейтін зауыт ашылады. Сондай-ақ елде үш Д баспа технология орталығы салынады. Бүгін елордада өткен Қазақстан-Германия бизнес форумында Қазақстанда дамытуға болатын инвестициялық жобалар талқыланды. Жиынға 70-тен аса германиялық бизнес өкілдері қатысты. Қос тарап бас-аяғы 11 келісімді жүзеге асырмақ. Құны 200 млн доллар. Олардың қатарында медицина, машина құрастыру, мұнай-химия, өнеркәсіпті автоматтандыруға қатысты жобалар бар. Инвесторлар жасыл экономика мен аграрлық салаға да ерекше қызығушылық танытып отыр. Екі елдің тауар айналымы биыл 2,2 млрд доллардан асты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға көп.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысының 2019 және 2020 жылдардағы Германияға сапарынан кейін өзара қарым-қатынас қарқын ала түсті. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге бағытталған үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Инвестиция тұрғысынан алып қарасақ, 2005 жылдан бері біздің экономикамызға Германиядан шамамен 5,5 млрд доллар тікелей инвестиция құйылды. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне салынды.

Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал қай салаға болсын ықпалын тигізбей қоймады. Осы ретте Германия бизнесмендері Ресейдегі кәсіпорындарын Қазақстанға көшіруге ниетті. Герман тарапы үшін төте жол маңызды. Бұрын Қытайдан Еуропаға біз арқылы өтетін жүк вагондарының жолы қазір 4 есе қысқарды. Инвесторлар әуелі осы логистиканың мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу