Көпқабатты үйлерден шығатын кәріз суы өзенге құйылып жатыр. Түркістан облысындағы Леңгір қаласының тұрғындары арнамызға осындай шағымын айтып, бейнежазбасын жолдаған еді. Жаңадан салынған баспаналардың кәріз құбыры орталық жүйеге қосылмағандықтан, шайынды су жанындағы шұңқырға жиналатынын айтады. Өңірдегі тілшіміз мәселенің мән-жайын анықтап келді.
Мынау жаңадан берілген үйлердің септик кәріз жүйесі жоқ. Осы арыққа ағызады да, барып өзенге құяды.
Бұл – Леңгір тұрғындарының бізге жолдаған бейнежазбасы. Қаладағы жаңадан салынған көпқабатты үйлерден аққан қалдық су далаға ағып жатқанын көруге болады. Себебі, кәріз суы құбырлары орталықтандырылған жүйеге қосылмаған. Ал одан шыққан иіс қолқаны қауып, жұртті әбден мезі еткен.
Роза Мелдешова, қала тұрғыны:
Осы канализацияның иісін иіскеп, сасық иіспен демалып жатырмыз. Біз шыдай алмаймыз мұндай иіске. Мына канализация заңсыз тұр мына жерде. Әкімдікке қанша айтылды бұл, олар акиматтар қимылдамайды. Жөндеп жасамайды, істемейді.
Мәриям Бағысбаева, қала тұрғыны:
Терезені ашайын, балконнан шығайын, анау үйдің малағының иісі келеді. Мына мусордың иісі келеді. Мына жақтан канализацияның иісі келеді. Сонда мен қалай демаламын, екі инвалид баламен тем более. Ал төбеде де бала-шаға бар, олар қалай демалады? Кәріз суы септикке сыймай жатыр, тасып жатыр ше. Тасып, ол өзенге құйылып жатыр.
Мұндағы жұрт аулада жүру мүмкін емес деп отыр. Тынысы тарылғандар тіпті терезелерін ашып, аулада серуендеуден қалған. Шайынды судан сол маңдағы жеке үйлердің тұрғындары да мезі болған.
Мұқадас Байметова, қала тұрғыны:
Көпқабатты үйлерден шығады, ана жерге топланады. Ол лишний шығады да біз жаққа ағады. Міне үйлерге де кіріп жатыр, құдықтарымыздың сулары да жаман болып жатыр. Балдарымыз, немерелеріміз бәрі ауырып жатыр. Үстеріне жара шығып жатыр. Өзіміз де іше алмаймыз, екі жыл болды су тасып ішеміз.
Ал, жергілікті билік жылдар бойы қордаланған мәселені жақсы біледі. Тіпті қалдық судың ашық тұрғанын бұрынғы басшылардың қателігі деп отыр. Себебі жанынан қазылған шұңқыр 18 тұрғын үйге лайықталмаған. Ал, жаңасын салуға қаржы тапшы деп ақталды.
Мақсат Жұмабаев, Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қалдық су жиналатын кәдімгі ямалары дейді ғой, сол шұқыр салуға кезінде де проекттер жасалған. Қаржы қолдау таппағандықтан ол жүзеге аспаған. Ол жер енді төбесі ашық болғаннан кейін иіс шығып жатыр ғой. Оны қазір біз енді жаңа кос салмай оның бетін жаба алмаймыз.
Қалдық су құйылатын жаңа орын салу үшін арнайы жоба жасалып қойыпты. Бірақ оған 2 млрд 600 млн теңге қажет. Бұл сомманың биыл тек елу миллион теңгесі ғана бөлініп отыр. Ал, қалаған қаражаттың қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Сондықтан төлебилік тұрғындар жуық арада сасық иістен құтыла алмайтын сыңайлы.
Айнұр Ақбаева