3 жасар сәбиді құтқарған 33 жастағы Сәбит Шонтақбаевтың ерлігіне ел тәнті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 жасар сәбиді құтқарған 33 жастағы Сәбит Шонтақбаевтың ерлігіне ел тәнті

11.05.2022

Елордада 3 жастағы сәби 8-қабаттан құлап кете жаздады. Абырой болғанда сол жерден өтіп бара жатқан азамат көріп қалып бүлдіршінді құтқарып қалды. Қазір қыз баланың жағдайы жақсы. Ал бейбіт күннің батырына айналған 33 жастағы Сәбит Шонтақбаевтың ерлігіне ел тәнті. 

Елді елең еткізген бұл бейне көптің көңілін алаңдатып, жүрегін сыздатты. Тағдыры қыл үстіне тұрған бүлдіршінді періштесі қақты.

Бүлдіршіннің жасы үште. Сол сәтте үйде ата-анасы болмаған. Қыз балаға қарайлап отырған немере ағасы да шаруамен сыртқа шығып кеткен. Ал 8-қабаттан құлағалы тұрған бүлдіршінді құтқарған Сәбит Шонтақбаев баланы жұмысқа бара жатқан сәтте көріп қалады. Ойланбастан жоғары көтеріліп, баланы құтқарудың қамын жасайды.

Сәбит Шонтақбаев, қала тұрғыны:
Бар ойым баланы құтқару болды. қорқыныш ештеңе болған жоқ. Сол 7 қабаттағы балконынан страховка жоқ. Баланы құтқарып алдым. Бала жылап тұрды. Мен тек аяғынан ұстап үлгердім, олда қолы талып жіберді, әрі қарай мен ұстап үлгердім.
Сағи Жылқышиев, қала тұрғыны:
Біз ұстап тұрдық Сәбитті, страховка үшін. Мен өзім тіпті қорықтым. Сәбиттен мен айырылып қалсам, мен кінәлі болам. Сол үшін барынша аяғынан ұстауға тырыстым. Оқиғаға осы маңдағы тұрғындар да куә болды. Көпшілік Сәбиттің батыл қадамына ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Бақыт Тілеуханқызы, қала тұрғыны:
Мен қатты шошып, құрбыма хабарластым. Онда оның туған апайы тұратын, сұрашы ата-анасы білеме деп. Ата-ана ретінде, байқап жүріңіздер. Міндетті түрде решотка қойыңыздар.

Елорданың өзінде жыл басынан бері 9 бала терезеден құлап кеткен. Мұндай оқиғалар орын алмау үшін мамандар үйдің терезесіне тор орнатуды маңызды деп санайды.

Нұрлан Тасығожин, Тор орнату компаниясының меңгерушісі:
Сіз көріп тұрған ол көзге көрінбейтін тор. Өзі сынбайды. 100 кг дейін өз салмағын ұстайды. Бүгінгі оқиғалар сияқты жайттар негізі көп болады Астанада. Қазіргі күнде 5-10 пәтерге келіп тор орнатамыз.

Ал бейбіт күннің батырана айналған Сәбитті Төтенше жағдайлар министрлігі "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттап, қала әкімдігі алғыс білдірді. Сондай-ақ көпбалалы азаматқа қайырымды жандар пәтер алып беруге ниетті.

Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу