Қасым-Жомарт Тоқаев түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанда іске асырып жатқан ірі инвестициялық жобаларымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанда іске асырып жатқан ірі инвестициялық жобаларымен танысты

11.05.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға алғашқы мемлекеттік сапарының бүгін екінші күні. 

Айдос Әшімұлы, тілші:
Екіжақты кездесу аясында ынтымақты тереңдетуге бағытталған бірнеше құнды келісімге қол қойылды. Олардың қатарында саяси, әскери, экономикалық және ақпарат саласында бірлесе жұмыс істеуге қатысты үкіметаралық келісімдер бар. Тараптар бүгінгідей геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған тұста қазақ-түрік ынтымағын жаңа деңгейге көтеріп, байланысты нығайтудың мән-мазмұны айырықша екенін атап өтті. Осыған орай екі ел арасында Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан – Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін біз қолымыздан келген нәрселерді жасауға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін. Саяси, әскери, экономикалық, мәдени жағынан, жалпы барлық салада осы ұйымшылдығымызды жалғастырып, болашаққа иық тіресіп нақты қадам басамыз. Қандай жағдайда да бауырлас Қазақстан халқының жанында боламыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Дәл осы сәттерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі бизнес өкілдерімен кездесіп жатыр. Одан кейін қазақ-түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша бірнеше инвестициялық жобаға қол қойылады деп жоспарлануда. 

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу