Халықаралық қауымдастық Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге 6,4 млрд еуро жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық қауымдастық Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге 6,4 млрд еуро жинады

11.05.2022

Бұл туралы Шам еліндегі дағдарысқа байланысты Брюссельде өткен алтыншы донорлық конференцияда мәлім болды. БҰҰ мәліметінше қазір Сирияның 2 млн тұрғыны күнделікті ішерге ас таппай, аш отыр. Тағы 12 млн адам азық-түлік тапшылығы тауқіметін тартып жатыр. Брюссельдегі жиында Қазақстаннан және жаһанның 90 елінен жиналған делегат Сирияны қайта қалпына келтіру жайын талқылады. Қырғи-қабақ болған тараптарды бір үстелдің басына жинап, Астана процесін ұйымдастырған Қазақстанның бітімгерлік миссиясын жаһан жұрты жоғары бағалап отыр.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
Астана процесі Сирияда оқ атуды тоқтату, тұтқындар алмасу, гуманитарлық дәліз ашу мәселелерінде келісімге келуге қомақты үлес қосты. Жақында осы процестің кезекті раунды өткізіледі. Мұны конференцияға жиналғандар жетістік деп бағалады. Енді, біз жаһандық қауымдастыққа Сирияға гуманитарлық көмек жеткізу үшін штаб пәтері Нұр-Cұлтанда орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының қызметіне жүгінуге ұсыныс жасадық. Бәрі қызығушылық танытып отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу