Мемлекет басшысының Түркияға сапары: 15 түрлі құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының Түркияға сапары: 15 түрлі құжатқа қол қойылды

11.05.2022

Қазақ-түрік достығының жаңа белесі. Мемлекет басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім шығарды. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайып Ердоғанның арнайы шақыруымен Түркияға бірінші мемлекеттік сапарымен барды. Бауырлас елдер сауда-саттықты бірнеше есе көбейтуге уағдаласты. Оны қалай жүзеге асырмақ? Алаш баласы мен Анадолы жұрты қандай салалар бойынша байланысты күшейтеді? Анкарадан Шерхан Жамбылұлының материалы.

Реджеп Тайып Ердоған мәртебелі мейманға ең жоғары құрметін көрсетті. Президент сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімі бұрынғыдан ерек. Көк түске көмкерілген сарбаздармен қатар ежелгі түрік батырларының бейнесіндегі сардарлар мен атты әскер қазақ басшысын тік тұрып қарсы алды.

Бұл жолы қазақ делегациясы Анкараға кең құрамда келді. Бұл түсінікті де. Бауырлас елдер барлық дерлік салада байланысты күшейтуге бейілді. Сәлемдесу рәсімінде Ердоған министрлермен мұқият тілдесіп, пікір алмасты.

Осыдан кейін президенттер әуелі екеуара сосын кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктесі санайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Түрік жұрты Қазақстанға әрдайым тілектес әрі жанашыр екенін білеміз. Мұны ұдайы сезінеміз. Бүгінгі екіжақты кездесудің нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, әскери-техникалық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі.
 Шерхан Жамбылұлы, тілші: 
Анадолы жұрты мен Алаш баласы бір атадан тараған туысқан елдер. Түбіміз – бір, тіл – ұқсас, дін – ортақ. Саяси тұрғыда да стратегиялық серіктеспіз, экономикалық жағынан алыс-берісі көп әріптеспіз. 30 жыл бойы Кіші Азия түбегіндегі Түркия мен Қазақстан арасында алыс-беріс бір сәт те тоқтаған емес. Былтырдың өзінде сауда-саттық 4,5 млрд АҚШ долларына жуықтаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 миллиард долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы – 1 миллиард доллардан астам. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Иә, әлемде қазір ахуал оңай емес. Түрлі қақтығыстар жиілеп тұр. Ресей мен Украина текетіресі біздің мемлекеттердің экономикасына да салқынын тигізіп жатыр. Осы ретте Реджеп Тайып Ердоған қазақ пен түріктің ашық аспаны үшін қос ел әрдайым бір-біріне жәрдемдесуге даяр екенін жеткізді.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті: 
Қазақ бауырластарымыздың тұрақтылығы, тыныштығы және қауіпсіздігі үшін біз жауапкершілігіміздегі нәрселерді жасауға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін. Әрі саяси, әрі сауда жағынан, әскери, экономикалық, мәдени жағынан барлық салада осы ұйымшылдығымызды жалғастырып, болашаққа иықтасып мықты қадам басамыз деп ойлаймын.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша тараптар байланысты күшейтуге бағытталған 15 меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек президенттер кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге келді. Оның өзі 47 бағытты қамтиды. Қазақ-түрік байланысының жаңа белесі, жаңа парағы ашылды деп айтуға толық негіз бар.

Шерхан Жамбылұлы

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу