Бельгияда қан тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда қан тапшы

07.05.2022

Бельгияда қан тапшы. Тұрақты донорлардың саны соңғы екі жылда күрт азайған. 11 млн халқы бар мемлекетте тұрғындардың тек 3-5 пайызы ғана қан тапсырады. Ақ халаттылар мен қызыл крест ұйымының өкілдері осыған алаңдап отыр. Мәселенің мән-жайын Брюссельден байланысқа шыққан әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, қанның қай тобы жетіспейді қазір?

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қайырлы күн, әріптес! Қазір B+тобындағы қан бар. Сирек қан топтарының қоры түгесілген. «Осы аптаға ғана жетеді»-деп дәрігерлер дабыл қағып, БАҚ арқылы халықты белсенді түрде қан тапсыруға шақыруда. Қызыл крест ұйымының қан тапсыру орталықтары жылына ауруханаларды 500 мың пакет қанмен қамтамасыз ететін. Биыл жыл басынан бері қан қоры 15 пайызға, ал тұрақты донорлардың саны 20 пайызға азайған.
Эстер Нейенс, Бельгия қызыл крест ұйымы жетекшісінің көмекшісі:
Соңғы кездері ковид, тұмаудың кесірінен тұрақты донорлардан айырылдық. Қан қорының азаюы қасіретке әкелуі мүмкін. Емдеу мекемелерінің күнделікті сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, қан қорын көбейту үшін жылда жаңадан 20 мың донор қажет.

Донорлардың қатарын арттыру үшін оларды бір күн жұмыстан босатып, ақшалай ынталандырып, сыйақысы тағайындалса - дейді дәрігерлер. Жалпы, Бельгияда денсаулығы жақсы 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтар қан тапсыра алады. Жүріп-тұруы қиын немесе жұмыстан ұзап шыға алмайтындардан медбикелер көшпелі станция арқылы қан қабылдап жатыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу