Ақмола облысындағы Кеңөткел қорғандары зерттелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Кеңөткел қорғандары зерттелуде

30.07.2014
Ақмола облысындағы Кеңөткел қорғандары зерттелуде

Жаз басталысымен Ақмола облысының археологтары ескерусіз қалған тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Биыл экспедициялық топ Зеренді ауданының Кеңөткел ауылындағы қорғандарды зерттеуге кірісті.

Бүгінгі күнге дейін 6 қорғаннан 38 тарихи жәдігер табылды.

Бұл экспедиция  Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының ұйымдастыруымен жүргізілуде.

Орталық қызметкерлерімен қоса, зерттеу жұмысына Көкшетаудағы  Абай Мырзахметов атындағы университеттің  тарих факультетінен  20-дан аса студент қатысты. Солардың бірі - Руслан Қайыргелдинов.

Руслан Қайыргелдинов, студент:

Мен археологиялық жұмыстарға І курста іс-тәжірибе ретінде қатыстым. Міне, содан бері археологиялық  зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргеніме 4 жыл болды.Әрбір тарихшы өзінің жеріне қатысты көне жәдігерлерді өз қолымен ұстап көруі керек ,деп ойлаймын.  Бұл іс өте қызықты.

Экспедициялық топ осы уақытқа дейін Кеңөткел ауылындағы 6 қорғанға зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Табылған жәдігерлердің ішіндегі ерекшесі - бесінші қорғаннан алынған құмыра.

Онда  арий тайпасының белгісі бейнеленген. Бұл тайпаның өмір сүру кезеңін Андронов мәдениетімен байланыстырады. Олар көшіп-қону кезінде осы өңірді мекендеген. Археологтардың айтуынша,  арий тайпасының қорғандары  біздің елде сирек кездеседі. Олар көбінесе Еуропа елдерінен табылатын көрінеді. 

Серік Ысқақов, Ақмола облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі:

8 қыш ыдыс пен 30 қола бұйым таптық. Бұл Қошқарбай қорымында 150-ден астам археологиялық ескерткіш бар. Соның  ішінде қола дәуірінен орта ғасыр дәуіріне дейін, әртүрлі заманға сай ескерткіштер бар. 

Сондай-ақ, қорғаннан адам сүйектері табылды.  Біздің дәуірімізге дейін 3  мың жыл бұрын өмір сүрген бұл адамдардың денелері  ірі, әрі бойлары ұзын болған,  дейді археологтар. Қорғандарды зерттеу жалғасуда.

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу