Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылының оқушылары үш ауысыммен оқып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылының оқушылары үш ауысыммен оқып жатыр

05.05.2022

Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылына жаңа мектеп қажет. Қазір шағын ғана білім ошағында 1700-ге жуық оқушы үш ауысыммен оқып жатыр. Ата-аналардың сөзінше, сыныптарға бала сыймайды. Тіпті, тар бөлмелерде отырып, ұл-қыздары сырқатқа шалдыға бастапты.

Жаңылыс Әзімбаевтың үлкен немересі сабақтан кешкі жетіден аса шығады. Өйткені, үшінші ауысымда оқиды. Баланы кештетіп жалғыз жіберуге қорыққандықтан, зейнеткер күнде өзі әкеліп, өзі әкетеді.

Жаңылыс Әзімбаев, ауыл тұрғыны:

Қараңғы, түн болып қалады. Түнде ол баланы әкелу керек, алып кету керек. Жолының түрі анау, батып жатыр. Көлік жүре алмайды, адам былай тұрсын.

Мектеп аумағында 4 ғимарат бар. Оның екеуі сонау 1960 жылдары салынған. Бүгінде қабырғалары қақырап, іргетасы үгітіліп жатыр. 460 орынға шақталған оқу орнында қазір 1684 оқушы білім алуда.

Нышанкүл Оңалбаева, ауыл тұрғыны:

Бірінің арытынан бірін кіргізіп, ауа таза емес. Балдар күнде ауырады. Менің талабым жаңадан мектеп болса. Өйткені, келешек ұрпағымыз жақсы білім алуы керек, денсаулығы мықты болуы керек.

Әр сыныпта 20-30-ға дейін оқушы бар. Бірақ бұл, шәкірттің сапалы білім алуына кедергі емес, деп отыр мектеп директоры.

Дина Жансаңбаева, мектеп директоры:

Сабақ біткен соң 20-30 минут уақыт берілген. Ол кезде қызметкерлер сыныптарды тазалап алады. Одан кейін барып, екінші сынып кіреді. Кесте жасалған.

Десе де, ата-аналар мектеп салу мәселесі тезірек шешілсе дейді. Өйткені, ауыл халқының саны жыл санап өсуде. Бірнеше жыл бұрын жаңа ғимараттың жобасы әзірленген. Бірақ әлі күнге құрылыс басталмаған.

Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:

Ол жерде мектеп салатын орын болған. Оған тағы жер қосып бір жобасын жасаған едік. Бірақ, ол жерге үйлер салынып кеткен болатын. Енді Үкімет тарапынан үйлерді сатып алдық. Енді мемлекеттік актісін жасаймыз. Қазір 600 орындық мектепке жоба жасалынып жатыр.

Мұның өзін ауыл тұрғындары аздық етеді, дейді. Жалғыз ғана мектепте қазір оқушылар саны 3 есе көп. Жалпы, Алматы облысы бойынша 54 оқу орнында 15 мың бала үш ауысымда білім алады. Ал, 30 мыңнан аса шәкіртке орын жетіспейді.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу