«Astana Ballet» театры Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан «Ақ түн жұлдыздары» атты фестивальге қатысып, өнер көрсетті.
«Әлем» атты бір актілі балетті қойған қазақ өнерпаздары ресейлік көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Бұған дейін Бейжің қаласына сапарлап барған отандастарымыз Ресейдің мәдени астанасында осымен екінші мәрте өнер көрсетті.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
«Ақ түн жұлдыздары» атты музыкалық фестиваль биыл 22-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. 28 мамыр мен 31 шілде аралығында, яғни, тура 65 күн бойы өтетін ауқымды шараға «Astana Ballet» ұжымы арнайы шақыртумен келді. Жерлестеріміз мұндай шетелдік фестивальге тұңғыш рет қатысып отыр.
Елорданың балет театры осыдан 2 ай бұрын Астана күндерінің аясында Петербургте алғаш рет өнер көрсеткен. Сол жолы хореографиялық ұжымның өнері мамандардың да, қарапайым көрермен көңілінің де кілтін тапты.
Сол себепті жерлестеріміз Ресейдің мәдени астанасына қайтып оралды.
Алила Алишева, «Astana Ballet» театрының көркемдік жетекшісі:
Біз 2 ай бұрын Михайлов театрында болғанда шын жүректен толқып шығып, барымызды салып өнер көрсеткенбіз. Есесіне көрерменнен де дәл сондай шынайы қолдау көрдік. Сондықтан, Петербургке екінші мәрте шақырту алғанда, фестивальге қатысатынымызды естігенде, ерекше толқыдық. Бұл - біз үшін мәртебе, абырой.
«Astana Ballet» фестивальге салмақты туынды әкелді. Ол осыдан тура бір ай бұрын Елордада тұңғыш рет қойылған «Әлем» атты бір актілі балет. Бірегей туындының қысқаша мазмұны мынадай:
Айгүл Әбікенқызы, «Астана балет» театрының бас балетмейстері:
Жалпы, әлем деген әрбір адамның, жанның дүниеге келуі. Жанның аспаннан түсіп, жерге келгенге дейінгі тар жол, тайғақ кешуі. Сол қиыншылықтан өтіп барып, жанның бір денеге бітуі, сол денеден махаббат отының тұтануы. Бұл - қызық оқиға.
Қызық оқиға расымен де көрерменді бірден баурап алды. Атақты Мариин театрының тарихи сахнасында «Astana Ballet» ұжымы таңғажайып өнер көрсетті.
Сергей Мукамолов, қала тұрғыны:
Керемет спектакль болды. Қазіргі заманғы ерекше хореографиясы маған ұнады. Бір сөзбен айтқанда, астаналық әртістер Еуропалық жоғары деңгейдегі балетті көрсетті.
Вера Тимофеева, қала тұрғыны:
Спектакль көңілімнен шықты. Әсіресе, музыкасын тыңдағанда, керемет әсер алдым. Біздің Мариин театрымен, яғни, классикалық балетпен салыстырғанда «Astana Ballet»-тің орындауы ерекше болды.
Балеттің қоюшы-хореографы - Никита Дмитриевский, ал, музыкасын жазған - Арманд Амар мен Болат Ғафаров. Әлемдік үрдіс пен қазақ мәдениетін бір арнаға тоғыстырған бұл туындыға көрермен ерекше қошемет көрсетті.
«Astana Ballet»қысқа мерзімнің ішінде Қазақ елінің абыройын арттыратын ұжымға айналды. Театр әртістері көп кешікпей Мәскеуге, одан ары Еуропаның ірі шаһарларына сапарлап барғалы отыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ