30 жылдан бері бірде- бір көше жөнделмеді. Жамбыл облысындағы Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғындары жергілікті билік уәдесін орындамады деп наразы. Елдімекенде жылдар бойы жолмен қоса жарық, су мәселесі де шешімін таппай келеді.
Нұрдос Болатұлы, тілші:Бұл Талас ауданы Қаратау қаласының дәл іргесінде орналасқан «Қалашық» деп аталатын алқаптың орталық көшелерінің бүгінгі сиқы. Мұндағы тұрғындар жаңбыр суынан кейін жиналға көлшікке, үйрек ұшып, қаз қонатын жағдайға жетті. Ал әкімдік берген уәдесін орындамай отыр дейді.
Зейнеткер Аманкүл Хасанова 32 жылдан бері осы алқапта тұрады. Сол уақыттан бері мұндағы бір көше жөндеу көрмепті. Әкімдік қызметкерлері жылда келіп, құрғақ уәдені үйіп-төгіп кеткенімен еш нәтиже жоқ. Өркениеттен кеш қалып барамыз деп қынжылады қария.
Аманкүл Хасанова, алқап тұрғыны:Тұрғаныма 32 жыл болды. Асфальт жөнделмейді. Сәл жел тұрса жарық өшеді, су өшеді. Балаларымыздың кешетіні қысы-жазы мынандай су мен тесік-тесік асфальт.
Елдімекендегі төрт мың тұрғын жарыққа да жарымай келеді. Түнде тас қараңғы. Қас қарая балаларды мектептен алып келу қиын. Себебі, кейбір көшелермен адам түгілі көліктің өзі әрең қатынайтын көрінеді.
Халима Әмірбаева, алқап тұрғыны:Жел тұрса бірінші су өшеді. Көшелерде мүлде жарық жоқ. Кеш батса қараңғыда далаға шығу мүмкін емес.
Әкімдік қызметкері болса биыл қаржы қарастырылады деп сендірді. 279 миллион теңгеге сметалық құжаттар дайындалып қойған. Ақша бөлінсе 3 көшенің жөндеу жұмыстарын бастап кетпек.
Еркін Алтышев, Талас ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:Осы Городок алқабынан 3 көшеміз бар. Бізде Байқоджаев, Жансүгіров және Алтынсарин көшесі биылғы жылға мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Қаржы қарастырылған.
Жалпы Қаратау қаласында 130 көше болса оның жартысында ғана асфальт бар. Қалғаны сол тоқсаныншы жылдардан кейін мүлде жөндеу көрмей тозып кеткен. Сондықтан әкімдік жыл сайын әр елді-мекеннен бір көшеге жол төсеп, мәселені шешпек.
Нұрдос Болатұлы