Ақмола облысындағы 30 елдімекенде бір жарым мыңнан астам ірі қара ауру жұқтырды. Малдың тілі уылып, жем-шөп жей алмай қалған. Ресми тіркелген дерек бойынша 5 бұзау өлген. Алайда, жақында әлеуметтік желіде Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылы маңындағы палигонда, мал өлекселері жатқан бейнежазба тараған еді. Оны тұрғындар қыста өздері шығарып тастаған болу керек дейді мамандар. Індеттің ең көп тіркелген жері де осы ауылдық округ. Сондай-ақ, 200-ден аса қойға ауру жұққан. Алынған сынама нәтижесі әлі белгісіз. Мал дәрігерлері бұл былтыр облыста тіркелген аусыл дерті деп отыр. Оның алдын алу үшін вакцина салу керек. Мамандардың айтуынша, министрліктен ақпан айында берілуі тиіс екпе кешігіп жатыр. Вакцина бір аптадан кейін келуі керек. Жеткізілсе, бірден екпе салынады. Ал әзірге жергілікті ветеринарлар қолда бар дәрі-дәрмекпен амалдап отыр.
Талғат Жүнісов, Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Материалды апарғанымен оған олардың диагностикумы жоқ. Не анасы жоқ, не мынасы жоқ. Негізі бізге қажетті негізгі сараптамамызды бере алмай отыр. Вакциналар осы уақытқа дейін берілген жоқ. Күннен-күнге ауырған малдардың саны артуда. Бірақ біздің мал дәрігерлердің күшімен ауырған малдар емделіп шығып жатыр.
Ермек Елберген