Алматы облысында 1000-ға жуық түтіні бар Айғаным елдімекенінде әлі күнге дейін мектеп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 1000-ға жуық түтіні бар Айғаным елдімекенінде әлі күнге дейін мектеп жоқ

04.05.2022

Алматы облысында 1000-ға жуық түтіні бар Айғаным елдімекенінде әлі күнге дейін мектеп жоқ. 2000-нан аса оқушы көрші ауылдарға барып оқып жүр. Балалар үйге аман-есен келгенше «шыбын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз» деген тұрғындар, білім ошағын салып беруді талап етуде. 

Зейнеткер Сара Сағындықова Айғаным ауылында 10 жылдан бері тұрады. Екі баладан сегіз немересі бар. Оның алтауы оқушы. Айтуынша, ертелі- кеш балаларын мектепке тасу мұңға айналған.

Сара Сағындықова, Айғаным ауылының тұрғыны:
Осы ауылға бір мектеп салып берсе. Балалар келешек, болашағымыз ғой. Ұрпақтарымыз жақсы өмір сүрсе. Ары-бері тасыған бізге өте ауыр болып жатыр. Балаларымсыз, келіндеріміз қиналып жатыр.

Ауыл балаларының дені көршілес Өтеген батыр, Қызылту және Еркін ауылына қатынап оқиды. Әкімдіктен екі автобус бөлінген. 2000 мың оқушыға бұл аздық етеді дейді ата-аналар. Кейбіреуі балаларын мектепке тасу үшін айына 15-25 мың теңгеге такси жалдайды. Ал, қоғамдық көлікпен жүретіндерге, тіпті, қиын.

Болатжан Сыдықов, Айғаным ауылының тұрғыны:
Оған сыймайды. Киімдері жыртылады. Аяқтарын таптайды. Үсті-басының бәрі батпақ болып келеді. Күнде бұл қиын болды.
Сейілжан Түркебаева, Айғаным ауылының тұрғыны:
Батпақта, күннің жауын-шашынында барып келулері қиямет. Қиын болып тұр. Жол тосады. Машинасы барлар алып барады. Оған көлігіміз кейде болады, кейде болмай қалады. Содан балалар жете алмай қалады. Сабақтарына кешігіп қалады.
Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындар ауылға мектеп салу мәселесін 10 жылдан бері айтып келеді. Білім ордасы осы жерден бой көтеруі тиіс болған. Аумағы 2 гектардан асады. Алайда бұл жер бірнеше жылдан бері бос жатыр.

Тұрғындардың талабын тыңдауға ауыл әкімі келді. Айтуынша, мектептің бұрынғы жобасы үш жүз оқушыға шақталған. Екі жыл бұрын қайта өзгертіліп, 600-ге көбейтілген. Қосымша жанындағы 50 сотық жерді мектеп құрылысы үшін сатып алған.

Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:
Қазіргі таңда жобасы дайын. Жер мәселесі болып тұр. Мемлекеттік актіні алғанннан кейін, мемлекеттік сараптамаға кіреді. Сол сараптамадан шыққаннан кейін мектеп құрылысына ақша сұраймыз.

Әкімнің бұл жауабына тұрғындар қанағаттанбады. Айтуларынша, жылдағы алатын жауабымыз осы дейді.

Айбек Сайынбетов, Айғаным ауылының тұрғыны:
Жылда халық шулап, айтамыз, жиналамыз. Ешқандай қозғалыс жоқ.

Мәселені аудан, облыс басшылығы жақсы біледі. Десе де, бір мектеп салуға құлықсыз дейді тұрғындар. Қазір Алматы облысы бойынша 54 мектепте 15 мың бала үш ауысымда білім алады. 30 мыңнан аса оқушыға орын жетіспейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу