Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы келесі аптада басталады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрің айтуынша, ол үшін жақында тиісті қаражат аударылады.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Ақша қаражатын аудару бойынша корпоративтік рәсімдер жүруде. Аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін қаражат ФРП-ға жіберілетін болады. Осы жұмыстарды осы аптаның аяғына дейін, яғни мамырдың 6-сына дейін бітіреміз.
Яғни «Жасыл даму» компаниясынан 100 миллиард теңге бөлінуі тиіс. Сөйтіп келесі апта жұрт асыға күткен бағдарлама басталады. Бұған дейін несиелеудің шарттары бекітілген еді. Ол бойынша ең жоғары қарыз көлемі 10 миллион теңге. Мерзім 7 жылға дейін. Мөлшерлеме 4 пайыз. Көлік елімізде құрастырылған және оның бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Ал алғашқы жарна міндетті емес. Әрі бағдарлама ашық және әділ өтуі үшін кезекті онлайн бақылау жүйесі іске қосылады.