Ескі қорымнан құнды жәдігерлер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескі қорымнан құнды жәдігерлер табылды

26.07.2014
Ескі қорымнан құнды жәдігерлер табылды

Оңтүстікте ескі қорымнан аса кұнды жәдігерлер табылды. Ордабасы ауданына Сарыарық ауылындағы Күлтөбе маңында зерттеу жүргізіп жатқан археологтар бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлерге тап болды. Тарих жанашырлары осыдан 2 мың жыл бұрын өмір сүрген қаңлы мен сармат тайпаларының дәуіріне қатысты көне бұйымдар мен адамдардың мүрдесін тапты.

Ордабасы ауданындағы әйгілі Күлтөбе қалашығын зерттеген ғалымдар тағы олжалы болды. Екі ай бойы ежелгі мәдениетті зерттеген археологтар үңгір етіп қазылған 3 қорымнан жалпы саны 12 адамның мүрдесін тапты.  Олардың арасында  әйелдердің де, ер адамдардың да қаңқасы бар.

Полат Файзуллаев, археолог:

Бұлар Қаңлы және Сармат және Сақ мемлекеттерінде 1-2-ші ғасырда өмір сүрген адамдар.  Сақ пен Сармат осы Қаңлы мемлекетіне бағынған.

Бір қызығы, қаңқаларға жынысына қарай әр түрлі әшекей заттар мен бұйымдар тағылып, жерленіпті. Тарих жанашырларын таң қалдырғаны - ондағы алтын бұйымдарының аса күрделі, әрі жоғары сапада жасалғаны. 

Сержан Ергешбай, археолог:

Анықтап зер салсаңыз, моншақтағы тастар тау хрусталінен жасалынған. Сондай-ақ, оның қасында жан-жағы алтынмен көмкерілген,  ортасында лағыл тас орнатылған алқа  да бар.

Ғалым Александр Подушкин табылған дүниелерге сүйене отырып, мұнда  бай-бақуатты адамдар тұрғанын айтады. Қорымдарға қарап ондағы адам сүйектері сармат тайпасына тиесілі болуы мүмкін, деген жорамал жасаған. Себебі, жерленген қаңқаның айналасы түрлі тұрмыстық және басқа да заттарға толы.

Александр Подушкин, археолог-ғалым:

Бұл сол замандағы бақуатты отбасынан шыққан әйелдің денесі болуы мүмкін. Осындай жәдігерлерге қарап, оның сол дәуірдегі халықты билеген адам болғанын айтуға болады. Ал, өзге жәдігерлер халықтың тұрғылықты, әрі көшпенді екенін дәлелдейді.

Археологтар алтын мен күміс бұйымдар аса көп болмаса да, обаның бүтін күйі табылғанын олжаға балап отыр. Өйткені, Қаңлы, Сармат пен Сақтардың бұған дейін бұзылмай табылған жерасты күмбезді қорымы саусақпен санарлық. Енді, жәдігерлердің барлығы еліміздің Орталық мемлекеттік мұражайына тапсырылады.

Айнұр АҚБАЕВА

 

Хабарламаларға жазылу