Халықтың билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтың билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беріледі

01.05.2022

Конституциялық реформаның басты 5 бағытына тоқталсақ. Жұмыс тобы суперпрезиденттіктен президенттік республика моделіне көшіп, билік құзыретін бірнеше институтқа бөлуді ұсынып отыр. Парламенттің мәртебесі мен рөлін өсіріп, мемлекетті басқарудағы халықтың ықпалын нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша механизмдерді күшейтуді көздейді. 

Ойын ережесі өзгереді. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беруге кірісті. Ол өз өкілеттігінің бірқатарын Парламентке беріп, заң шығарушы органның ықпалын арттырмақ ниетте. Иә, расында монополия жақсылыққа апармайды. Мейлі ол саясат, мейлі ол экономикада болсын. Мәжіліс бұған дейін Сенаттың қарсылығын еңсере алмады. Президент тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін енді жоғарғы палатаға Заң жобасын тек мақұлдау не мақұлдамау құқығын беруді ұсынды. Бұл бюрократияны азайтуға мүмкіндік береді.

Қай кезде де кадрлық тағайындау қоғамда кең талқыланады. Осы уақытқа дейін мәслихат шешімімен балама кандидатсыз бірауыздан облысқа әкім сайланатын. Енді ондай тағайындауға жол жоқ. Президент кем дегенде 2 кандидат ұсынуы тиіс. Ал аудан, қала және облыстық мәслихаттардың барлық депутаты дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Осы жанама сайлауда жеңіп шыққан үміткер ғана әкім болады. Бұл халықтың мұң-мұқтажын, проблемаларын жақсы білетін жаңа саяси тұлғалардың қалыптасуына жол ашады.

Аян Сакошев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі:

Мәслихаттардың бұған қандай реакциясы бар, олар қолдап жатыр ма? Басқа альтернативтік ұсыныс беріп жатыр ма немесе басқа да саяси тұлғалар өзін ұсынып жатыр ма деген сияқты мәселелер талқыланып жатыр. Бірақ, ол нақты жүзеге аспағаннан кейін біз оның нәтижесін көре алмаймыз. Менің ойымша, әуелі бұл практиканы жүзеге асырып көру керек.

Халықтың билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берілмек. Бұдан былай мәслихат төрағасы лауазымы енгізіліп отыр. Қостанайлық депутат Қырмызы Жаңбыршина бұл халық пен биліктің арасын жақындата түседі деп есептейді. Ал мәслихат жұмысының ашық, жариялы жүргізілуі депутаттардың тәуелсіз, батыл әрекет етуіне жол ашады.

Қырмызы Жаңбыршина, облыстық мәслихат депутаты:

Онлайн форматта өтеді ғой сессиялар, комиссиялар. Ол жерде қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысатындықтан, бәрі ашық. Сондықтан қоятын сұрақты қойып, айтатын пікірімізді айтамыз. Басты мақсат – елдің, халықтың пікірін қорғай білуіміз керек.

Жаңа өзгерістерге сәйкес енді Үкіметтің ерекше құзыреті болады. Яғни, төтенше не шұғыл жағдайларда министрлер кабинеті заң жобасын әзірлеп, оны Парламент жедел қарауы тиіс. Мәселен, пандемия, Қаңтар оқиғасы сынды жағдайларда жедел әрекетке қағазбастылық кедергі келтіріп, уақыт жоғалтып алып жүргеніміз рас. Бұдан бөлек, Үкімет заң күші бар нормативтік-құқықтық акт қабылдай алады. Яғни, енді атқамінерлер бұрынғыдай «Заң бұны істеуге кедергі, бұл жұмыс ұзақ процесс» деп ақтала алмайды. Ел аумағындағы кез-келген мәселені жедел шешілуіне тікелей өздері жауап береді.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу