Алматы облысының Қаратал ауданында бос жатқан жер телімдері ауыл тұрғындарына таратыла бастады.
Жергілікті әкімдік келісімшартпен бір отбасыға 1 гектардан бөліп отыр. Басты талап – алқап бірден игерілуі тиіс. Қазірдің өзінде 200 шаңыраққа 200 гектар жер берілді. Суармалы алқапқа ауылдағы ағайын қандай дақыл себілетінін өңірдегі тілші Қуаныш Қанатұлы біліп қайтты.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Екі қолға бір күрек табылса, халық еңбек етуге құлшынып-ақ тұр. Тек жер болмаған. Ал қазір осы мәселесі шешілді. Дәл осы жерге 19 отбасы дән себуге дайындалып жатыр.
Бір-бір гектардан жер алған 19 шаңырақ – Жолбарыс би ауылдық округінің тұрғындары. Басым бөлігі – атажұртын аңсап келген қандас бауырлар. Алған алқаптары бірнеше жыл соқа түспей, тың жатқан. Қазір техника жалдап, жыртқызып, тазалап, тегістеп жатыр. Биыл азықтық жүгері сеуіп көрмек. Қыстың қамын жаз ойлап, мал азығын дайындап қоймақ.
Еркін Жәнімхан, ауыл тұрғыны:
Бұл – жақсы үрдіс. Біз мемлекетіміз деп келдік. Қазақстанымыз деп келгеннен кейін алдымыздан қарсы алып, осындай жер беріп, қолдап жатқанына көп рахмет.
Бір ғана округтен 50 гектар суармалы алқап осындай әдіспен игерілмек. Ал аудан бойынша 200 гектар. Алдағы уақытта да бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып, кәсіп етем деген халыққа келісімшартпен беріліп отырады.
Ілияс Саяқбаев, Қаратал аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
Әр ауылдық округ бойынша мәлімет бар. Ол мәліметтер тексеріліп, жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір 200 гектар жер анықталды. Мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл тұрғындарына таратылып жатыр.
Егер жер берілгеннен кейін игерілмей қалса, келер жылы келісімшарт бұзылып, кезекте тұрған басқа шаруаға беріледі. Сондықтан тұрғындар алғашқы күннен-ақ суармалы алқаптың басы-қасында жүр.
Қуаныш Қанатұлы