Аты аңызға айналған қазақ жігітінің есімі «Кеңес Одағының батыры» атағына үш мәрте ұсынылып, ерлігі елеусіз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аты аңызға айналған қазақ жігітінің есімі «Кеңес Одағының батыры» атағына үш мәрте ұсынылып, ерлігі елеусіз қалған

30.04.2022

Екінші Дүниежүзілік соғыста көзсіз ерлік көрсеткен қаһарманның бірі – Төлеуғали Әбдібеков.

Майдан даласында жауға қарсы сойқан салған сұрмерген 397 фашистің көзін жойған. Ерлігі үшін 3 мәрте батыр атағына ұсынылса да, елеусіз қалған. Майдангердің туыстарымен тілшіміз Ержан Жақып тілдесті.

Бұл – соғыс ардагері Төлеуғали Әбдібековтің туған ауылы. Бұрынғы «Қызыл жұлдыз» елдімекеніне үш жыл бұрын батырдың есімі берілді. Қан майданда кеудесін оққа тосқан қаһарман ердің ерлігі солақай саясаттың кесірінен ескерілмей қалды деген жерлестері қазір Төлеуғали Әбдібеков туралы деректерді өздері жинай бастапты.

Серік Қырқымбаев, Т.Әбдібеков атындағы ауыл тұрғыны:

Бірінші күндері-ақ өзінің қол мергендігін, сұр мергендігін көрсетіп, офицерлердің жоғарғы шенді фашистердің көзін жойғандықтан мергендер қатарына қосылады.

1916 жылы туған Төлеуғали Әбдібеков ашаршылық тұсында Семейден Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударып, 1942 жылы Мақтарал кеңшарынан соғысқа аттанады. Жасынан аң аулап, сұрмерген атанған жігіт Калинин майданындағы Панфилов дивизиясының сапына алынған. Алғаш ұрысқа араласқаннан-ақ жарты жылда 200 фашисті жер жастандырған. Оның көзсіз ерлігі туралы соғыс жылдары газеттерде мақалалар жарық көріп, радиодан хабар таратылады. Ал сұр мергеннен үрейі қашқан фашистер оған «Қара ажал» деген ат қойған.

Аманжол Дәуітов, Т.Әбдібековтің туысы:

1944 жылдың 23 ақпанына дейін 397 фашистің көзін жоюы, бұл енді бір де бір Кеңес әскерінің снайпері ондай жетістікке жете алған жоқ. Бұл деген бір асқан ерлік.

Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі жайлы біраз мәлімет Түркістан облысындағы Ақкент ауылындағы музейден табылды. Мұнда жауынгердің майдан даласынан досына жазған хаты мен мақтау қағаздары және бірнеше фтотсуреттері сақтаулы. Ерлігі аңыз болған сұрмерген соғыс кезінде үш мәрте «Кеңес Одағының батырына» ұсынылған. Алайда, өзінің өмірбаянында ағасының қуғын-сүргін көргенін жасырмай жазғандығы оған батыр атағын беруде кедергі болған.

Серікқазы Қорабаев, әдебиет зерттеушісі:

Сол кездегі саясаттың кесірі. Сол саясаттың кесірінен талай батырлар ескерілмей қалды. Төлейғали Әбдібеков 32 мергенді тәрбиелеп шығарған.

Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылы ауыр жарақаттан қаза тауып, Калинин облысының Насва станциясында жер қойнауына табысталады. Соғыстан кейін Псков облысындағы бауырластар зиратына қайта жерленген. «Ұлы мерген» атанып кеткен снайпердің мылтығы қазір Алматыдағы орталық музейде сақтаулы. Ұрыс даласында ерлікпен қаза тауып, есімі ұмыт қалған майдангерлер жетерлік.

Жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін олар жайлы мәліметтерді WhatsApp мессенджеріндегі +7700 9051945 нөміріне жолдай аласыздар.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу