Қазығұрт ауданындағы тасқын судан қанша үй мен қора-жайға зақым келгені анықталды. Қызыл суға тұншыққан малға төленетін өтемақы көлемі де белгілі болды. Қазір бізбен осы өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тікелей эфирге қосылып тұр. Айнұр тұрғындарға қазір қандай көмектер көрсетіліп жатыр?
Айнұр Ақбаева, тілші:
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазығұрт ауданында 1 баспананың құлағаны белгілі болды. Тағы 5 үйдің жарамдылығы тексеріліп жатыр. 470-ке жуық уақ мал суға тұншығып өлсе, 5 ірі қара мен 2 жылқы суға ағып кеткен.
Комиссия тарапынан бүгінде мал басы нақтыланып, ғимараттар мен үйлер, қосымша құрылыс нысандарының шығыны есептелуде. Өкінішке орай, кей нысандардың құжаты жоқ, олар да зерделеуден өтуде.
Бүгіннен бастап нөсер салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіле бастады.
«Қазақстанның қызыл жарты ай» қоғамдық ұйымы су кірген үйлердің 1046 тұрғынына 100 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетті. Осылайша 173 отбасы мүшелері тұрмысын түзетіп алатын болды.
Жанәлі Мырзабеков, Заңғар ауылының тұрғыны:
Кеше су тасқынанан кейін қиналып қалып едік. Бүгін, міне, адам басына жүз мыңнан ақша бөлініп жатыр. Бұл қаражат суға ағып кеткен дүние-мүліктің орнын толтырмайды ғой. Бірақ үлкен жәрдем деп білеміз.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Бүгін, сондай-ақ, өлген малдарға да өтемақы төленетін болды. Оның көлемі 10 мың теңгеден 130 мың теңге аралығында болады деп белгіленді. Және көктемгі төлдер мен және сырғаланбаған төрт-түлікке де өтемақы беру қарастырылмақ. Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Айнұр Ақбаева