Түркістанда жер қойнауын тонағандарға тоқтам болмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жер қойнауын тонағандарға тоқтам болмай тұр

28.04.2022

Түркістан облысындағы Қарашық ауылының тұрғындары елдімекен маңындағы карьерлердің зардабын тартып отыр. Жер қазатын компания пайдалану мерзімі өткен аумақтан ұрланып тас алуды тоқтаптай, айналаны ойран еткен. Салдарынан бүтін бір ауыл сусыз қалды. Жергілікті халық полицияға бірнеше мәрте арызданса да, кәсіпкерді тоқтата алмапты.

Төзімі түгесілген тұрғындар заңсыз тас ұрлап бара жатқан жүк көлігін өздері тоқтатты. Жер қойнауын тонағандармен күресуге бел буған жұрт оқиға орнынан полицияны да шақыртты.

Ауыл тұрғындарының бұлайша шу шығарып, талап етуіне негіз бар дейді полиция. Карьер қазғандар елдімекеннің іргесіне дейін жетіп, ауылға тиесілі аумаққа өте бастаған. Салдарынан тереңінен қазылған жерлерге ойын балалары құлап, зардап шеккен. Ал құдықтың су тартылып, ағын судың көлемі азайып кеткен. Карьер жұмысын тоқтатпаса көп ұзамай шөлді аймаққа айналып, диқаншылықтан жұрдай боламыз дейді тұрғындар.

Жұмаділлә Омаров, ауыл тұрғыны:
Қарашық мынау островта қалды. Мына жағынан тас қазып алады, сайдан тас қазып халықтың құдығында су жоқ қазір. Күн көруіміз өте қиын, мал жайылым жоқ. Он екі метрге дейін қазып, барлығы сол шұқыр болып жатыр.

Қазылған жерлер кезінде ортақ жайылым ретінде пайдаланылған. Су арнасын ешкім реттемеген соң, тас пен топырақ жылдар бойы қолды болып келген. Аталған мекеме жер асты байлығын пайдалану үшін тіпті кейбір үйлерді бұздыруға дейін барды дейді шағымданған жұрт. Іс сотқа дейін жеткен.

Тәліп Төреханов, ауыл тұрғыны:
Басында полиция тұрмаса , бір сағатта елу хова келеді да артады да кетеді. Сондай оперативно істейді да олар. Оны дәлелдейміз деп полиция шақыртқанша олар кетіп қалады. Ол өзі басында тұрмайды да, біреулерге ала бер пәлен хова дейді да кетіп қалады.

Шаң-тозаңға тұншыққан тұрғындар мәселесін айтып, облыстық Экология департаментіне барды. Ал, жауаптылар болса карьер қазған компанияның 35 200 текше метр жерді заңсыз пайдаланғанын растап отыр. 80 млн теңге көлемінде айыппұл да салған. Бірақ , кәсіпкер айыппұлды пысқырмаған соң құжаттарды полицияға жолдапты.

Қанат Қалмаханов, Түркістан облыстық экология департаментінің басшысы:
Ущербі залалы мың АЕК-тен асқан соң бұл міндетті түрде қылмыстық іс болады. Қылмыстық іс бойынша біз прокуратура арқылы Сауран ауданына жібердік полициясына жолдадық. Енді солардың құзырларында ғой ол. Бізде тек қана административное производство қалған.

Алайда департаментке кәсіпкер де, қарамағындағылар да келмеді.

Сапарғали Тұрманов, Сауран АПБ бастығының орынбасары:
Экология басқармасы бізге сол жерде келтірілген экологиялық залалды есептеп, алтыншы сәуірде бізге жолдады. Біз жетінші сәуірмен ҚР Қылмыстық кодексінің 334 бабының екінші тармағымен қылмыстық іс қозғадық. Қазіргі таңда Қазақ контракшнның басшы құрамы, жұмысшылары анықталып, тергеу жүріп жатыр.

Қарашықтықтар осылайша бір жылдан бері мәселенің түбіне жете алмай келеді. Ал ауыл әкімдігі болса енді ортақ жайылым саналатын карьер жерлерін халыққа қайтару үшін барын салмақ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу