Бірнеше жарылыс. Белгородта оқ-дәрі қоймасы өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірнеше жарылыс. Белгородта оқ-дәрі қоймасы өртенді

28.04.2022

Ресейдің Украинамен арадағы шекарасына жақын бірнеше ауданда жарылыс болды. Өткен түнде Белгород қаласында әскери қоймалар өртенген. Жарылыс жаңғырығы кеше де естілді. Сәрсенбінің кешінде Украина президенті кеңсесінің өкілдері Ресейдің Украинамен шекаралас аудандарында қоймалар жарылып, жағдай тек ушығатынын мәлімдеген еді.

Украинада әскери қақтығыс 64-күнге ұласты. Батыс барлаушыларының мәліметінше, Ресей армиясы Донбасста айтарлықтай алға жылжыған жоқ. Оларға Украина әскері қатаң қарсылық танытып жатыр. Мариупольда «Азов» батальоны бақылауындағы аумаққа үздіксіз оқ жаудырылды. «Азовсталь» зауытында қоршауда қалған украиналық сарбаздардың командирі мәлімдеме жасады.

Сергей Волына, №36 Теңіз жаяу әскери бригадасының командирі:

Біздің бөлімшеде 600-ден астам адам жараланған. Медициналық көмек қажет. Бейбіт тұрғындардың арасында да жараланғандар бар. Оларға қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Менің бүгін айтарым: Мариупольдегі гарнизонды құтқарыңыздар. Экстракшен процедурасы арқылы. Қазір 1940 жыл емес, қазір 2022 жыл. Рахмет. Көмектеседі деп үміттенеміз.

В. Путин батыс елдеріне ескерту жасады

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антонио Гутерриштің кездесуінде «Азовсталь» зауытынан адамдарды эвакуациялау мәселесі қозғалған еді. Тағы бір мәлімет. Владимир Путин Украинада болып жатқан оқиғаларға араласқан елдерге шұғыл жауап беретінін ескертті. Ресей президенті мұндай соққы беру үшін барлық қажетті құралдың бар екенін және керек болса қолданатынын айтты. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, бұл мәлімдемесі арқылы Путин ядролық қаруды меңзеп отыр. Сонымен бірге Кремль басшысы Ресейдің Украинадағы әрекеті дұрыс және уақтылы болғанын мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу