Төменгі палатаның құзіретін кеңейту «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті орындауға жол ашады. Осылай деген еуропалық сарапшылар Қазақстанда тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру аса маңызды деп есептейді. Ал депутаттарға талаптың күшеюі оларды халық алдында жиі есеп беруге міндеттейді. Жаңа талап өкілетті билік тармағын біртіндеп қайта құруға мүмкіндік береді.
Енді қазынадағы қаржының әр тиынын сапалы жұмсауға бақылау күшейеді. Президент ауқымды жоба көп екенін, бірақ іске асуы көңіл көншітпейтінін айтты. Рас, кейде қыруар қаржыға басталған іс аяқсыз қалады, бірі бюджеттен бөлінген ақшаны талан-таражға салады. Енді Есеп комитетінің орнына жылына екі рет есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құрылады. Бұл – ақшаның жұмсалу барысын Мәжіліс бақылайды деген сөз.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:Аймақтардағы бюджеттік процесс қалай болып жатыр? Соның бәріне Мәжіліс бақылау жасап ғана емес, парламенттік тексеру де жасайды. Бұл Мәжілістің заң шығару рөлін ерекше, басқа бір деңгейге көтереді. Мәжілістің рөлі артқанымен, миссиясы да, жауапкершілігі де артады.
Мәжіліс бұған дейін Сенаттың қарсылығын еңсере алмады. Президент тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін енді жоғарғы палатаға заң жобасын тек мақұлдау не мақұлдамау құқығын беруді ұсынды. Еуропалық сарапшылар бұның бюрократияны азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Альберто Тюркстра, Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы:Парламентті жетілдіру үшін енді төменгі палатаның құзіретін кеңейту, ықпалын күшейтуге күш салынатыны құптарлық. Бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруға жол ашады. Тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру тәжірибесін демократиясы дамыған Бельгиядан да көруге болады. Кейбіреулер «Қазақстан сияқты халқы аз мемлекетте екі палаталы парламент болғаны дұрыс па?»-деп сұрауы мүмкін. Иә, дұрыс. Себебі Еуропаның шағын мемлекеттерінің өзінде екі палаталы парламент жасақтаған елдер бар.
Халықтың билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берілмек. Бұдан былай мәслихат төрағасы лауазымы енгізіліп отыр. Енді мәслихат облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерін ұсыну құқығына ие болады. Олардың ықпалы күшейгенмен, міндеті азайған жоқ. Бастысы аймақтағы ағайынның тұрмысын жақсартуға күш салуға тиіс.
Ақерке Бектас